HR атын жамылған алаяқтар банк шоттарын қалай бұзады

Иллюстрация: nofake.kz/
Алаяқтар агрессивті әрекет етпейді, жәбірленушіні асықтырмайды және HR-мамандарға тән кәсіби тілді, нақты терминдер мен құжаттарды пайдаланады.
Ресейдің әлеуметтік желілер сегментінде жұмыс іздеп жүргендерге арналған ескертуі бар бейнежазба тарады. Видеоны жариялаған автор алаяқтардың өзін жұмыс беруші ретінде таныстырып, ресми жұмысқа қабылдау процесін толықтай көшіретін схеманы сипаттайды.
Автордың айтуынша, бұл схема барынша шынайы көрінеді. Үміткер танымал жұмыс іздеу платформасындағы вакансияға өтініш береді, тест тапсырмасын орындайды, кейін оффер мен құжаттар пакетін — еңбек шарты, дербес деректерді өңдеуге келісім, сауалнамаларды алады. Одан соң кандидаттан төлқұжаттың көшірмесін, СНИЛС-ті (Ресей азаматтарына берілетін сақтандыру нөмірі) және банк реквизиттерін жіберу сұралады. Бұл кезеңде көпшілік еш күмәнданбайды, себебі бәрі қалыпты жұмысқа қабылдау үдерісіндей көрінеді.
Кейін хат алмасуға «бухгалтер» болып таныстырылған адам қосылып, «шарттардың өзгергенін» және жалақы жобасына қатысу үшін белгілі бір банктің клиенті болу қажеттігін хабарлайды. Схеманың негізгі түйіні — үміткерден жай ғана шот ашу емес, банк профиліне тіркелген телефон нөмірін алаяқтар жіберген нөмірге ауыстыруды сұрау. Дәл осы әрекет қаскөйлерге шотқа қолжетімділікті толық бақылауға мүмкіндік береді.
Автор алаяқтардың қысым көрсетпейтінін, асықтырмайтынын және HR-мамандарға тән кәсіби тілді, нақты терминдер мен құжаттарды қолданатынын атап өтеді.
«Олар адамдардың аңғалдығын емес, жұмысқа қабылдау процесіне деген сенімін пайдаланады», — дейді видео авторы.
Қауіпті белгілер ретінде банктегі телефон нөмірін өзгерту туралы өтініштер, банк профиліне қатысты кез келген әрекетті «нұсқаулық бойынша» жасау талабы, құжаттар тапсырылғаннан кейін жаңа шарттардың пайда болуы және бас тартқан жағдайда диалогтың үзілуі аталады. Сондай-ақ, бірде-бір шынайы жұмыс беруші қызметкердің банк сервистеріне қолжетімділікті басқармайтыны, телефон нөмірін ауыстыруды талап етпейтіні және мұндай мәселелерді мессенджерлер арқылы шешпейтіні баса айтылады.
Құжаттарын жіберіп қойған адамдарға хат алмасуды сақтап қою, банкке хабарлау, кредитке тыйым қою және қоңыраулар мен хабарламаларға барынша сақ болу ұсынылады.
Осылайша, Ресей интернет кеңістігінде таралып жатқан бұл схема нақты жұмысқа қабылдауға еш қатысы жоқ және алаяқтар оны еңбекке орналастыру сылтауымен банк деректеріне қол жеткізу үшін пайдаланып отыр.


