NoFake

Әскерге көшеден күштеп алып кету: заң не дейді

gluster 2023 1 12 3100cbc3f98e8b537626787d3fdc58b9 1280x720

Фото: Gov.kz

ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруда азаматтарды көшеден, қоғамдық орындардан күштеп әкету заңды ма деген сұраққа түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/

Әлеуметтік желілерде кейбір азаматтарды көшеде немесе сауда орталықтарында бірнеше әскери адамның күштеп алып кетіп жатқан видеолары тарады. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсті.

Военком
Фото скриндер видеолардан

Министрліктің мәліметінше, егер әскерге шақырылуға тиіс азаматқа ресми шақыру қағазы беріліп, ол белгіленген уақытта әскери комиссариатқа келмесе, оны жеткізу міндеті ішкі істер органдарына жүктеледі. Бұл норма «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 30-бабында көрсетілген.

Азаматты әскери комиссариатқа еркінен тыс жеткізу Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі бекіткен арнайы бірлескен алгоритмге сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, полиция қызметкерлері тек заңда көзделген жағдайда ғана әрекет ете алады.

Егер азаматты заңсыз түрде әскерге күштеп алып кетсе, ол шақыру комиссиясының төрағасына, әскери комиссариаттағы сенім телефондарына немесе тиісті органдарға шағымдана алады. Сондай-ақ қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабына сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.

«Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 30 бабына сәйкес, әскери қызметке шақырылуға жататын азамат жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша келмеген жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. Әскери қызметке шақырылуға жататын азамат жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша келмегендерді шақыру учаскесіне қамтамасыз ету іс-шаралары, Ішкі істер министрі мен Қорғаныс министрі 2025 жылғы 9 сәуірдегі №388 «Әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтың жергілікті әскери басқару органына келуін қамтамасыз етудің бірлескен алгоритмін бекіту туралы» бірлескен бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда», — деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев редакциямызға берген жауабында.

Әскерден кімдер босатылады?

Министрлік өкілдерінің айтуынша, әскерге шақыру – Қарулы Күштерді жеке құраммен толықтыруға бағытталған мемлекеттік шара. Шақыруды ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар жауап береді, ал шақыру комиссияларын облыс, аудан және қала әкімдіктері құрады.

Сонымен қатар, заң бойынша азаматтар әскери қызметтен босатылуы немесе кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай шешім денсаулық жағдайы, оқуы, отбасылық ахуалы және басқа да себептерге байланысты қабылданады. Бұл талаптар заңның 35 және 36-баптарында нақты көрсетілген.

18–27 жас аралығындағы азаматтар әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату үшін әскери комиссариатқа бармай-ақ, электрондық үкімет порталы немесе Қорғаныс министрлігінің «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы өтініш бере алады. Өтінішті бірден төрт орган – әкімдік, әскери басқару органы, денсаулық сақтау және полиция органдары қарайды.

Қорғаныс министрлігі азаматтардың құқықтары заңмен қорғалатынын және кез келген даулы жағдайда ресми шағым беру мүмкіндігі бар екенін еске салды.

Оқу үшін