NoFake

Сарапшы: Сыни ойлау – үйренуге болатын дағды

Снимок экрана 2026 01 06

Фото Эльмира Тұрсынханованың жеке архивінен

Сыни ойлау – тек күмәндану емес, бұл ақпаратты талдау, қорытынды жасау. Назарбаев Университетінің оқытушысы Эльмира Тұрсынханова nofake.kz/ редакциясына сын ойлау не үшін қажет және оны үйренудің жолдарын айтты.

Назарбаев Университеті көшбасшылық пәнінің жетекшісі Эльмира Тұрсынханованың айтуынша, сыни ойлау – бұл қалыптастыруға, үйренуге болатын дағды. Мысалы, шет тілі немесе велосипедпен жүруді үйренгенде жүйелі түрде жаттығамыз. Дәл сол сияқты сыни ойлауды дамыту үшін де тұратылық қажет.

Ғалымдар мен зерттеушілер ұзақ уақыт бойы сыни ойлау мен оған қажетті дағдылар туралы әртүрлі, тіпті бір-біріне қарама-қайшы пікірлер айтқан. Осы пікірталасты тоқтату үшін 1980 жылдардың соңында 46 саланың мамандары бірігіп, сарапшы тобы құрылды. Олардың арасында білім беру, психология, физика және басқа да салалар бар. Олар Delphi әдісі арқылы ортақ шешімге келді.

«Қысқаша айтқанда, сыни ойлау – бұл ақпарат пен дәлелдерді объективті түрде талдай және бағалай алатын дағды. Ол күмән келтіру, болжамдарды анықтау, алдын ала сараптау, дәлелдер мен қорытынды жасау сияқты әрекеттерді қамтиды», – дейді Эльмира Тұрсынханова.

Назарбаев Университетінде Delphi халықаралық сыни ойлау әдісі қолданылады. Бұл дағдыны дамыту үшін мәтінді талдау, дәлелдерді бағалау және рефлексия сияқты жаттығулар жүргізіледі.

«Менің курсымда студенттер критикалық ойлауды белсенді оқу (ол қарапайым оқудан ерекшеленеді — бұл арнайы әдіс), академиялық мақалаларды талдау мен бағалау, эссе жазу және рефлексиялық журнал жүргізу арқылы меңгереді. Бұл когнитивтік дағдыларды ғана емес, сонымен қатар тұлғалық қасиеттерді – икемділік, аналитикалық қабілет, жүйелілік, ойлаудағы адалдықты дамытады», — дейді оқытушы.

Сонымен қатар, университетте сыни ойлау түрлі пәндерге кейс-талдау мен пікірталас арқылы енгізілген. Онда студенттер өз жауабын дәлелдермен, логикалық түрде жинақталған деректермен негіздеуі тиіс. Осылайша, олар тек пән бойынша білімін жетілдіріп қана қоймай, сыни ойлау дағдыларын да дамытады.

Эльмира Тұрсынханова атап өткендей, адам сыни ойлауды меңгере алады, ол үшін түрлі тақырыпта көп оқу керек.

«Оқып отырып сұрақ қойыңыз: кім жазды? Бұл мәтін мен ақпаратты жазудың нақты себебі қандай? Ол қандай фактілерге негізделген? Кім растаған? Сонымен қатар, тезисті, дәлелдерді, фактілерді, болжамдарды бөліп алып, қорытынды жасау керек. Оқып болған соң, жазбаша түрде рефлексияға мән беріңіз. «Қандай жаңалық білдім? Не таңғалдырды? Не күмәндандырды?» деген сұрақтарға жауап беріңіз. Ойыңызды жазып алу — оларды құрылымдауға және реттеуге көмектеседі, ми қызметін дамытады», — дейді Эльмира Тұрсынханова.

Екіншіден, когнитивтік бұрмалау –  ой қателігін байқап, оны талдау қажет.

«Мысалы, confirmation bias, яғни растау қателігі – бұл бізді сендірген ақпаратты ғана іздеуге және оны қабылдауға, ал оған қайшы келетіннің бәрін елемеуге бейімділік. Bandwagon fallacy – көпшіліктің пікірімен жүру, яғни «бәрі осылай ойлайды» немесе «бәрі осылай жасайды» деп, бір нәрсені дұрыс деп санау», — дейді ол.

Үшіншіден, күрделі және маңызды тақырыптарда қарсы пікірлермен талқылау қажет. Бұл өз аргументацияңызды нығайтуға және әртүрлі көзқарасқа деген төзімділікті арттыруға көмектеседі.

Сыни ойлауды дамытуда жеке қасиеттер де маңызды. Оның ішінде ашықтық, жүйелілік, қызығушылық, аналитикалық қабілет, когнитивті жетілу, шындыққа ұмтылу және өзіне сенімділік керек. Сарапшы бұл қасиеттерсіз сыни ойлауды дамыту мүмкін еместігіне сенімді. Өйткені, зерттеуші әртүрлі көзқарастарды қабылдауға дайын болмаса, оны қалай критикалық ойлаушы деп атауға болады?

«Біздің студенттеріміз осы сипаттамалар мен сыни ойлау дағдыларының бір-бірімен тығыз байланысты екенін түсінеді. Фактілерді жеке пікірден бөліп қарау қабілеті адамға білімге құштарлықпен келеді. Сіз көп оқып, тыңдап үйренген кезде, фактілер мен фейктерді ажырату оңайырақ болады. Өйткені сізде белгілі білім мен ақпарат бар», — деп атап өтті ол.

Спикердің айтуынша, критикалық ойлау фактілерді интерпретация мен болжамдардан ажыратуға көмектесіп қана қоймай, дәл шешім қабылдауға, құбылыстардың байланысы мен себептерін көруге мүмкіндік береді.

«Мысалы, белгілі бір мақаланы оқығанда бұл ойлау түрі бірден мақала фактілерге негізделген бе, әлде басқа пікірлерге негізделген бе? Негізгі мақсаты ақпарат беру ме, әлде көзқарас өзгерту немесе үгіттеу ме? Мақаланы жазған адам – сол саланың маманы ма?», — дейді ол.

Яғни, сыни ойлау қабілеті адам бойында өздігінен пайда болмайды. Үнемі жаттығып отыру қажет. Ал ең тиімді жаттығу – көп кітап оқу, ойлану және ойды бағалау. Сонда кез келген адам жауапкершілікпен шешім қабылдайды және өзін ғана емес, өзгелерді де түсінеді. Қазір сыни ойлау – сән емес, қажеттілік, ол бізді манипуляциядан қорғайды.

Оқу үшін