NoFake

Автокөлік сатудағы алаяқтық схемасы

Depositphotos 167033096 L

Фото: depositphotos

Автокөлік сату саласында көпшілік біле бермейтін, бірақ жиі қолданылатын алаяқтық схемалар бар. nofake.kz/ нақты орын алған оқиға негізінде осындай тәсілдердің бірін назарға ұсынады.

Бір топ жігітпен бірігіп, көлік алып-сатумен айналысатын Нұрлан алаяқтыққа кез болды. Ол Қарағанды қаласынан «Lada Granta» автокөлігін сатып алып, жөндеуден өткізіп, кейін қайта сатуға қойған.

Алаяқтың алғашқы қадамы: фотосуреттерді сұрау         

Көлікті сатуға қойғаннан кейін Нұрланға өзін сатып алушы ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласады. Ол көліктің фотосуреттерін сұраған.

«Kolesa.kz сайтына фотоларды скриншотпен салса, хабарландыруды модератор өткізбейді. Сондықтан алаяқтар фотосуреттерді WhatsApp арқылы сұрайды. Біз көлікті 1,5 миллион теңгеге сатуға қойған едік. Ал алаяқ сол фотоларды пайдаланып, көлікті kolesa.kz сайтында 900 мың теңгеге қояды», – дейді Нұрлан.

Арзан баға – көп қызығушылық

Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынылған көлікке қызығушылық танытқандар көп болады. Осы сәтті пайдаланған алаяқ келесі қадамға көшеді.

«Автоподборщик» болып қайта хабарласу

Алаяқ бұл жолы басқа телефон нөмірінен Нұрлан жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету орталығына (ТҚО) қоңырау шалып, өзін «автоподборщик», яғни клиенттерге көлік таңдауға көмектесетін маман ретінде таныстырады.

«Менде машинаны сатып алатын клиент бар, сол жігітті сіздерге жіберсем», – дейді ол.

Нұрлан көлікті сатуға мүдделі болғандықтан келіседі. Алаяқ келген адамға өзін «бауырым» деп таныстыра салуды өтінеді.

Сатып алушының «задаток» жіберуі және түсініспеушілік

Көп ұзамай бір үлкен кісі баласымен келіп, көлікті көріп, ұнатады. Ол көлікті алмақ болып, «задатокты» жібергенін айтады. Алайда ақша Нұрланның шотына түспеген.

«Кімге жібердіңіз?» деп сұрасақ, телефонмен сөйлескен әлгі жігітке жібердім дейді», – деп еске алады Нұрлан.

Дау мен полицияның араласуы 

Ақшасын төлегенін айтқан сатып алушы көлікті талап еткен. Ал сатушының шотына қаражат түспеген. Осылайша екі тарап арасында үлкен дау туындап, полиция шақыруға тура келген. Кейін шотына ақша аударылған адам «дроп» ретінде күдікті деп танылғаны туралы мәліметтер бар.

Редакция алданып қалған көлік сатып алушы мен сол күдікті танылған азаматты іздеу үстінде. Анықталған мәліметтер қосымша хабарланады.

Екі жақты алдау – бұрыннан бар схема

Нәтижесінде алаяқ сатушы мен сатып алушыны да алдап, ақшаны өзіне аудартқан. Мамандардың айтуынша, бұл – бұрыннан қолданылып келе жатқан классикалық алаяқтық схема.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Әлібек Оразалы  кейбір азаматтардың  ақша табу мақсаттарында өздерінің жеке деректерін сататын кездер көптеп кездесетіні жайлы айтқан болатын.

«Ол жерде банктік реквизиттер бар, абонентік нөмірлер бар, соларды интернет желілері арқылы, яғни мессенджерлер арқылы танымайтын адамдарға сатады. Мысалы мен абоненттік нөмірімді бес мың теңгеге бір сағатқа беремін. Бір сағатта менің абоненттік нөмірімнен барлық әлеуметтік желілерге тіркеу жасайды. Ол нөмірлер арқылы қаншама қоңыраулар шалуы мүмкін. Біз ізіне түскен кезде сол азаматқа келіп түсеміз. Ал ол азамат,  сол жасалған қылмыстың бір мүшесі болып табылады»,- деп ескертті полиция қызметкері.

Қазақстандағы «дропперлік» және заң жауапкершілігі

Қазақстанда «дропперлікке» қатысты жеке заң бабы жоқ. Дегенмен мұндай әрекеттер бірнеше қылмыс түріне жатуы мүмкін және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша жазаланады:

190-бап. Алаяқтық – алдау арқылы ақша немесе мүлік иемдену

231-бап. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар – заңсыз қаржылық операциялар

Сонымен қатар, бөгде банктік деректер мен интернет-шоттарды пайдалану киберқылмыс ретінде де қарастырылуы мүмкін.

Оқу үшін