Фейк неге тез тарайды? Психолог резонанс тудырған жалған жаңалықты талдады

Ойлау жүйесінде когнитивті бұрмалану болғандықтан адам жалған ақпаратқа тез сенеді. Мамандардың айтуынша, біз ақпаратты көбіне эмоция, ішкі жағдайымызға қарай бұрмалап қабылдаймыз. Осындай факторларға байланысты фейк те тез тарайды. Психолог Балжан Қанапияева nofake.kz/ тілшісімен «енесінің етінен манты жасаған келін» туралы жалған жаңалыққа оқырманның реакциясын талдады.
«Енесінің етінен манты жасаған келін» туралы жалған жаңалықтағы мына пікірге мән берейік: «Бүкіл адамның ішінде ұйықтап жатқан бір бәле болады, соны оятпай тыныш өмір сүру керек еркек болсын, әйел болсын». Маманның айтуынша бұл когнитивті бұрмаланудың «катастрофизация» түріне жатады. Шын мәнінде – бұл жеке оқиға, бірақ эмоция оны бүкіл ортаға жайылған қауіптей көрсетеді, яғни кей адамға бұл жалпылама көрінуі мүмкін.
Келесі пікірді алайық. Тағы бір желі қолданушысы бұл жаңалыққа қатысты былай деп жазған: «Сол үшін енелер тыныш жүріңдер. Қазіргі жастардың нервысы көтермейді. Жөндеріңе жүріңдер. Әйтпесе, манты, тұшпара болып кетулерің мүмкін осылай». Бұл пікірден адам психологиясындағы когнитивті бұрмаланудың «артық жалпылау» деп аталатын түрін байқауға болады. Бір адамның әрекеті бүкіл топқа қатысты болмайды. Бірақ эмоцияға берілгенде ми қарапайым жолмен ойлайды, бұл пікір кей келіндерге ұнамауы мүмкін.
Үшінші пікірге мән берейік: «За то өшін алды жүрегі жай тауып. Осындай өлімге лайық болғаны екеуі де». Маманның айтуынша бұл эмоциялық шешім, яғни логика емес, тек эмоциямен жазылған пікір. Мұндай кезде эмоция шындыққа теңестіріліп кетеді, факт мүлде айтылмайды.
«Ой оқимын деп ойлау» сипатына сәйкес келетін де пікір бар. Ондай жағдайда адам күдіктіні ешбір дәлелсіз жамандайды, оның ниетін өзі ойлап табады. Оған мысал ретінде мына пікірді айтуға болады: «Келінге күн бермеген шығар, баратын жері жоқ бәрібір деп. Келіні қатты күйзеліске түскен-ау бұндай қадамға барғанына қарағанда, обал болды». Яғни бұрмаланудың бұл түріне ұшыраған адамның миы ақпарат жетіспесе, өзі «жеткізіп» алады.

Когнитивті бұрмаланудың «персонализация», яғни адамның оқиғаны жеке басына қатысты деп қабылдайтын түрі бар. Адам оқиғаны өзіне қатысты етіп қабылдайды, өміріне қауіп деп көреді. Оны мына пікірден көруге болады: «Манты алып шығып берсе, жоқ деймін». Психологтың айтуынша, бұл сирек кездесетін жеке жағдай.
Тағы бір қолданушы «Ойбуй, бұлар то манты, то плов жасайтын болды ғой» деп жазыпты. Психолог Балжан Қанапияеваның айтуынша, мұнда когнитивті бұрмаланудың «әлем қауіпті», яғни қоғамды толығымен бұзылған деп қабылдану байқалады. Маман жеке қылмыстар қоғамның жалпы жағдайын білдірмейді, бірақ ми қорыққаннан жалпылама көретінін айтады.
Адам дәлелсіз үкім шығаруы да мүмкін, яғни «жабық қорытынды» (Jumping to Conclusions) жасайды. Оған мына бір пікір мәйкес келеді: «Келін еріккеннен жасаған жоқ-ау, келіннің қанын ішкен ғой әбден». Маманның айтуынша, мұндай жағдайда адам психологиялық, медициналық, құқықтық дерек болмаса да шешім шығарады.
Бұрмалаудың соңғы түрі — қара және ақ деп ойлау, яғни тек «жақсы» немесе «жаман» деп қарау. Мысалы, мына пікірге мән берейік: «Дұрыс істепті. Өмірін тыныш сүргізбеген енесі. Қанын іше берген соң солай жасауға тура келген». Балжан Нұрғалиқызының айтуынша, адам эмоцияға беріліп, жағдайды «жаман, не жақсы» деп көреді.
Сондай-ақ, маман психикаға ауыр тиетін жаңалыққа қатысты пікірлерде когнитивтік бұрмалану жиі кездесетінін, бірақ бұл – диагноз емес, қарапайым ой қателігі екенін айтты. Дәл осы мінез-құлық фейктің тез тарауына әсер етеді.


