NoFake

Әлеуметтік желідегі парадокс: фейкке сену – психология ма, медиасауатсыздық па

Fake 00,1 (1)

Коллаж: nofake.kz/

Қазіргі таңда qazaqparat.24, koniltv, egemenel.kz секілді парақшалар сатиралық әрі жалған ақпараттарымен танымал. Олардың әрбір жазбасы көп қаралым жинап, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқы тудырады. Осы жағдайға байланысты nofake.kz/ тілшісі: мұндай фейктерге сену — психология ма, әлде медиасауатсыздық па деген сұраққа мамандармен бірге жауап іздеді.

Әлеуметтік желілерде қоғамдық мәселелерді, саяси оқиғаларды немесе күнделікті өмірді әзіл-сықақ арқылы «суреттеп», ақпарат таратып отырған парақшалар бар. Мұндай ресурстардың мазмұны көбіне шындыққа жанаспайды, ал кейбір жарияланымдар жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін.

Мәселен, qazaqparat.24 көктайғақта сырғанап жүрген адамның видеосын жариялап, тақырыпты «Астана әкімі елордадағы көктайғақ қаланы мұз айдынға айналдыру идеясы екенін айтты» деп қойған. Ақпарат ресми стильде жазылып, қала әкімі мен әкімдіктің жалған пікірі келтірілген. Материал бүгінде 5.5 млн қаралым, мыңнан аса пікір жинап үлгерді.

Видео астында неше түрлі пікілерді кездестіруге болады. Әзіл ақпаратқа сеніп қалғандар «Қарт кісілер мен жүкті әйелдер қалай жүреді?», «Әкімнің есі дұрыс па?», «Жұмыс істемеу үшін түрлі нәрсе ойлап табады» десе, енді бірі әзілді тиісінше бағалаған. Алайда посттың астында «qazaqparat.24 — сатиралық жаңалықтар парақшасы» деген анық ескерту бар. Тіпті профилде «Барлық есімдер мен оқиғалар ойдан шығарылған» деп жазылған.

Ком 1 (1)
Скриндегі пікірлер әлеуметтік желіден

Ал koniltv парақшасы жариялаған дипфейктің бірі 1.1 млн қаралым жинады. Бейнежазбада журналист үлкендер «орын бермедіңдер» деп таласпас үшін  енді қала ішінде орындықсыз автобустар жүре бастайтынын айтады. Роликтің астына адамдардың біразы «дұрыс болды» деп қолдап жатса, бір бөлігі «аяғы ауратын адамдар қалай жүреді» деп шағымданған. Профилдің сипаттамасында «Жасанды интеллектпен видео жасаймыз» деген ескерту бар.

Egemenel.kz парақшасы желіде тараған дипфейк видеоны жариялап, «Мәжіліс депутаты қисық сөз сөйлеп, сынның астына қалды» деген тақырып қояды. Посттың астында депутаттың ойын дұрыс жеткізе алмауы залда отырғандардың назарын аударғаны туралы айтылған. Парақша авторынан бұның «жалған» екені туралы ешқандай ескерту жоқ, алайда видеоның дипфейк екені анық байқалады. Жалған ақпарат 1.1 млн қаралым мен  3000-нан астам пікір жинады. Ал астына адамдар «күлкілі емес, жылау керек», «тіл мәдениеті жоқ», «масқара» сынды пікірлер қалдырған.

Сарапшылар талдауы

Podcerknul zensina v ofise proverka telefona
Фото: freepik.com

Психолог Күлянда Төлендинованың айтуынша, бұл парадокстың себебі – адамдар мәнге емес, эмоционалды импулске жауап беретінінде. Яғни адам мәтінмен байланысқан сәтте оның когнитивтік функциялары кері кетіп, логикалық ойлауы уақытша эмоцияға жол береді. Сондай-ақ мәтінде эмоционалды сөздер мен есімдіктер қолданылатындықтан, пайдаланушы ақпараттың сенімсіз екенін білсе де,  оны сыни тұрғыдан бағалау мүмкіндігі төмендейді.

«Адам анализ жасап оқудың орнына реакция жасайды. Реакция позицияны білдіру үшін емес, мазасыздықты азайту үшін пайда болады. Бұл ішкі шиеленісті жеңілдету түрі ретіндегі бейсаналық әрекет. Кейбір аудитория пікірталастарға жазбаның мазмұнына емес, өзін-өзі растау үшін қатысады. Әлсіз нарциссистік тұлғалық құрылымы бар адамдар, әсіресе өзін-өзі бағалауы жеткіліксіз болған кезде, пікірталастарға көбірек қатысады», — деді психолог.

Маман жазба неғұрлым эмоционалды болса, соғұрлым адамдардың қатысу ықтималдығы жоғарлайтынын айтады.

«Адамдар жалған және күлкілі мазмұнға сенгендіктен емес, мазмұнға эмоционалды түрде жауап беріп, оны өзін-өзі растау, тиесілі болу, өзін-өзі реттеу немесе бақылауды қалпына келтіру құралы ретінде пайдаланатындықтан тартылады. Жасанды интеллектті пайдалану бұл психологиялық әсерді күшейтеді, адамның осал тұстарына бейімделген мазмұн жасайды. Сондықтан жалған мазмұнмен күресте тек ақпараттық технологияларды ғана емес, сонымен қатар психологиялық механизмдерді де ескеру қажет», — деді психолог.

Дисклеймерсіз сатира фейкке айналады: медиа-маман

Дизайн без названия (1)
Фото: Алмабек Ерболатұлы, Facebook парақшасынан

Ал MNU халықаралық журналистика мектебінің Seniour Lecturer-і Алмабек Ерболатұлының сөзінше, адамдардың көбі Reels қараған кезде парақшаның өзіне кіріп қарамайды. Сондықтан, басты назарды көріп отырған контентке аударады. Бұл — бірінші себеп. Ал екінші себеп – адамдар «жүз рет естігенше, бір рет көр» деген түсінікте және «ондай ақпаратты таратуға болады» деп ойлайды. Бұның барлығы адамдардың контент тұтынудағы «медиа сауатына байланысты».

«Бұның шешімі – адамдарға верификация жасауды үйрету. Яғни, кем дегенде екі ашық дереккөзбен расталатын ақпараттарға алып келу керек. Сол кезде ғана адамдар жасанды интеллект көмегімен жасалған ақпаратқа сеніп қалмайды», — деп пікір білдірді сарапшы.

 Алмабек Ерболатұлы сатиралық ақпараттың дисклеймерсіз берілуі оны фейкке айналдырып жіберуі мүмкін екенін айтады.

«Сатиралық ақпаратқа дисклеймер берілмейтін болса, ол фейкке айналып кетуі мүмкін. Сондықтан, міндетті түрде кез-келген сатиралық ақпаратқа дисклеймер берілуі тиіс. Бұл жердегі мәселе онлайн өмір мен реалистік өмірдің арасын ажырата алмау. Яғни, көп адамдар әлеуметтік желідегі барлық ақпаратты 100 пайыз шындық екен деп қабылдайды», — деді Ерболатұлы.

«Шынайы» ақпаратты қалай ажыратамыз?

GFCN (Global Fact-Checking Network) фактілерді тексеру жөніндегі халықаралық қауымдастық мынандай кеңестерді ұсынады:

Мәтінді толық оқу. Мәтіннің тақырыбы асыра сілтенген және арандататын болуы мүмкін. Оны «кликбейт» деп атайды.

Авторын тексеру. Мәтіннің авторы жайлы ақпарат табыңыз. Егер ақпарат әлеуметтік желіге жарияланса, парақшасына кіріңіз.

Бастапқы дереккөз. Ақпараттың бастапқы дереккөзін табуға тырысыңыз. Шетелдік аударма болса, түпнұсқасын тауып, салыстырыңыз.

Әзіл. Ақпарат әзілмен жазылғанына көз жеткізіңіз. Жалған хабарламалар бастапқыда әзіл-оспақ порталдарында жариялануы мүмкін.

Бірнеше ресурстарды тексеріңіз. Ақпаратты бірнеше көздерден тексеруге тырысыңыз. Егер сенсациялық жаңалық бір немесе екі күмәнді арнада жарияланса, деректерді екі рет тексерген дұрыс.

Бейтаныс терминдер. Егер мәтінде белгісіз немесе түсініксіз ақпарат болса, олардың мәнін анықтаңыз.

Хабарламалар. Барлық дәйексөздерге күмән келтіріп, бастапқы дереккөзді іздеу керек.

Жалған суреттер. Суреттер ЖИ көмегімен жасалған, графикалық редактормен өңделген немесе суреттің контекстке мүлдем қатысы жоқ болуы мүмкін.

Материалдағы қателіктер. Мәтіндегі қателер мен типтік тіл құрылымдарына назар аударыңыз.

Ресурстың электрондық мекенжайы. Беттің веб-мекен-жайын тексеріңіз. Жалған сайтты нақты сайт ретінде жасыруға болады, алайда кейбір таңбалар әр түрлі келеді.

Пікірлер. Посттың астындағы пікірлерді оқыңыз. Кейбір адамдар оғаштық пен сәйкессіздікті байқап қалуы мүмкін.

Зерттеудегі бағалар. Бағалар мен таңдаулардың қандай негізге сүйенгенін ескеріңіз. Олар нақты зерттеу нәтижелеріне де, автордың жеке пікіріне де негізделуі мүмкін.

Материалды сыни бағалау. Эмоцияларыңызды басқарып, сыни ойлаңыз. Ақпаратты бейтарап бағалауға тырысыңыз.

Ақылға қонымды ой. Клише мен стереотиптерден аулақ болу маңызды. Болжамға, жорамалға және негізсіз тұжырымдарға сүйенуге болмайды.

Оқу үшін