Жеке деректерді заңсыз таратқан: ІІМ халықаралық арнаны жойды

Фото: ҚР ІІМ
ҚР ІІМ ҰҚК және қадағалау органымен, сондай-ақ Чехия Республикасының полициясымен бірлесіп жүргізген арнайы операцияның нәтижесінде, Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық арнаны жойды, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Жедел-іздестіру жұмыстары және құқық қорғау органдарының үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілді. Сондай-ақ, күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехия Республикасының Усти-над-Лабем қаласында және Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында тінту жұмыстары жүргізілді. Тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметтің дәлелдерін қамтитын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ қолма-қол ақша тәркіленді», — деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Ведомство, қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру үшін күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттердің азаматтарына қатысты жеке деректер орналастырылған жабық интернет-ресурс құрғанын атап өтті.
«Топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған: әрбір қатысушы өзіне жүктелген міндетті атқарған», — делінген хабарламада.
ҚР ІІМ олар қылмыстық схеманы үйлестірушілерден бастап, жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдейтін операторларға дейінгі қызметтерді орындағанын мәлімдеді. Заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар да пайдаланылғаны белгілі болды.
«Әр түрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген», -делінген хабарламада.
Қазіргі таңда қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимылды, жеке деректерді заңсыз таратудың арналары мен көздерін анықтап, жоюды, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы кешенді шараларды одан әрі жалғастырады.


