Уағызды кімдер және қайда айта алады — заңда не делінген

Фото: Depositphotos
Соңғы күндері Қазнетте қоғамдық орындардағы діни насихат мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұған тойда тілек айту кезінде діни уағыз айтқан ер адамның видеосы мен елордалық кофеханалардың бірінде Құран сүресін жатқа оқығандарға тегін кофе ұсынған акция себеп болды.
Осыған орай, NoFake.kz «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес азаматтарға кімдер уағыз айта алады, уағыз айтуға қай жерлерде рұқсат етілген және қандай шектеулер қойылған деген үш негізгі сұраққа заң баптары арқылы жауап беруді жөн көрді.
Уағызды кімдер және қайда айта алады?
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 7-бабына сәйкес, кез келген азамат көшеде немесе әлеуметтік желіде діни уағыз жүргізе алмайды. Заңды түрде уағыз айтуға тек мына тұлғалар ғана құқылы:
Ресми діни қызметкерлер мен имамдар: Тіркелген діни бірлестіктердің (мешіттердің) жарғысына сәйкес тағайындалған діни қызметкерлер.
Арнайы аттестацияланған мамандар: ҚМДБ жанындағы республикалық немесе өңірлік ақпараттық-насихат тобының мүшелері.
Миссионерлер: Заң талаптарына сай жергілікті атқарушы органдардан миссионерлік куәлігін алған тұлғалар.
Уағыз тек мынадай арнайы орындарда жүргізілуі тиіс:
Заңды түрде тіркелген ғибадат үйлері (мешіттер) және олардың аумағы.
Жергілікті атқарушы органдар арнайы келісіп белгілеген орындар.
Ресми тіркелген діни білім беру ұйымдарының қабырғасы.
Уағыз айтуға қай жерлерде шектеу қойылған?
Қазақстанның зайырлы мемлекет қағидатын қорғау мақсатында Заңның 3-бабы мен 7-бабының талаптарына сәйкес, мына нысандар мен орындарда кез келген діни уағыз-насихат пен діни жоралғыларға қатаң шектеулер мен тыйымдар қойылған:
Білім беру ұйымдарында: Мектептерде, колледждерде, университеттер мен балабақшаларда діни уағыз айтуға және діни насихат жүргізуге тыйым салынады.
Мемлекеттік органдар мен мекемелердің ғимараттарында.
Әскери бөлімдер мен құрылымдарда.
Қоғамдық көліктерде және арнайы бөлінбеген басқа да қоғамдық орындарда.
Заң талаптары бұзылса қандай жауапкершілік қарастырылған?
Егер заңсыз уағыз жүргізілсе немесе белгіленген шектеулер сақталмаса, бұл үшін құқықтық жауапкершілік туындайды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 475-бабы («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу») бойынша:
Діни әдебиеттерді, өнімдерді заңсыз тарату, рұқсат етілмеген орындарда уағыз айту немесе миссионерлік қызмет ережелерін бұзу жеке тұлғаларға айыппұл салуға, ал шетелдік азаматтар үшін елден шығарып жіберуге дейін әкеп соқтырады.
ҚМДБ не дейді?
Ал тойдағы азамат сөздеріне қатысты ҚМДБ өкілдері ресми мәлімдемесінде «қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес» екендігін айтты.
«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз. Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар, — деді Діни басқарма өкілдері.
Айта кетейік, бұған біз ҚМДБ діни және ұлттық құндылықтарға тіл тигізгендерге мәлімдеме жасағаны жайлы хабарлаған едік.


