Электрлі самокат иелеріне қойылатын талаптар қандай: ІІМ түсіндірді

Фото: pixabay.com
Елімізде электрлі самокат мәселесі көпшілік арасында жиі талқыланады. Осыған орай, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов елдегі самокат иелерінің саны мен оларға қойылатын талаптар туралы түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Электрлі самокат» туралы заң: самокат иелеріне қандай талап қойылды?
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, елімізде 25-ші тамыздан бастап самокат туралы заң қабылданды.
«Электр самокат иелері сағатына 25 шақырым жылдамдықта жүруі тиіс. Алайда олар көбіне жол ережесін сақтамайды. Сол себепті, тиісті заңға 25-ші тамыздан бастап өзгерістерді енгіздік. Оған сәйкес, оларда міндетті түрде каска, тіркеу номері болуы керек», — деді ол.
Самокаттар саны бойынша қай өңірлер көш бастап тұр?
Ел арасында «самокаттар еліміздің барлық өңірінде танымал көлік құралы ма?» деген сауал жиі туындайды. Осы орайда, ІІМ өкілі аталған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Бізде «пик» уақытында 35 мың самокат болған еді. Қазіргі таңда 9 мың самокат айып тұрағына қойылды. Самокаттардың жалпы саны бойынша 93%-ы Астана мен Алматыға тиесілі. Басқа өңірлерде самокат көп емес», — деді ол.
Қазақстанда самокаттарға қажет веложол жеткілікті ме?
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов «ел бойынша самокатқа арналған веложол жеткілікті ме?» деген сауалға да жауап берді.
«Бізде барлығы 932 км веложол бар. Бірақ қажеттілік — 2 мың км. Мысалы, Алматыда 12 мың самокат бар, бірақ 89 км ғана веложол бар. Астанада 9 мың cамокат, 152 км веложол. Сондықтан, бұл жұмысқа әкімдіктер де жауапты», — деді ол.
Түйін
Осылайша, самокаттардың 93%-ы Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған. ІІМ өкілі бұл қалаларда самокат саны көп болғанымен, оларға арналған веложолдар жеткіліксіз екенін атап өтті. Сонымен қатар 25 тамыздан бастап электр самокаттарға қатысты талаптар күшейтіліп, каска мен тіркеу нөмірінің болуы міндеттелген.


