Жалған смартфон ұтысымен жеке деректерді жинайды: ІІМ азаматтарға ескерту жасады

Фото: depositphotos
Әлеуметтік желілерде қымбат смартфон ұтып алғаны туралы жалған хабарламалар таралып жатыр. Алаяқтар жүлдені жеткізу сылтауымен азаматтардың жеке деректерін жинап, кейін ақша аударуды талап етеді. Полиция мұндай хабарламаларға сенбеуге шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған парақшалар мен аккаунттар ашып, қолданушыларға қымбат смартфон немесе басқа да жүлде ұтып алғаны туралы хабарлама жібереді.
«Сенімге кіру үшін олар жүлдені пошта арқылы жеткізетінін айтып, арнайы сауалнаманы толтыруды ұсынады. Сауалнамада адамның аты-жөні, электрондық поштасы, пошта индексі және нақты тұрғылықты мекенжайы сияқты жеке деректер сұралады»,- делінген хабарламада.
Одан кейін алаяқтар «жеткізу ақысы», «алдын ала төлем» немесе «жіберу шығындары» деген сылтаумен ақша аударуды талап етеді. Алайда ақша төленгеннен кейін ешқандай смартфон немесе басқа жүлде жіберілмейді.
«Әлеуметтік желілерде кездейсоқ ұтысқа ие болғаныңыз туралы хабарламаларға сақтықпен қараңыз. Жүлдені алу үшін ақша аударуды талап ететін хабарламаларға сенбеңіз», — деп ескертеді полиция.
Сондай-ақ полиция белгісіз сілтемелер арқылы жеке мәліметтерді енгізбеуге, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және басқа да құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді.
Күмәнді аккаунт немесе хабарлама кездессе, оған жауап бермей, әлеуметтік желі әкімшілігіне шағым жіберіп, парақшаны бұғаттаған жөн. Ал ақша аударып қойған немесе жеке деректерін алаяқтарға берген азаматтарға дереу полицияға жүгіну ұсынылады.


