NoFake

«Несиеңіз мақұлданды»: қазақстандықтарға жаңа алаяқтық схема туралы ескертілді

Фото: finratings.kz

Қазақстандықтарға «несие мақұлданды» деген жалған хабарламалар келе бастауы мүмкін. Алаяқтар мұндай хабарламаларды адамдарды жалған сайтқа өткізіп, банк және жеке деректерін қолға түсіру үшін пайдаланады. Бұл туралы Finratings.kz жазды.

Хабарлама SMS, электронды пошта немесе мессенджер арқылы келуі мүмкін. Онда несие мақұлданғаны жазылып, ақшаны алу үшін сілтемеге өту немесе өтінімді растау ұсынылады.

«Алаяқтар адамның өз атына несие рәсімделіп жатыр деп қорқып, ақпаратты тексерместен әрекет етуіне үміттенеді. Әсіресе несие алуға мүлде өтінім бермеген адамдар мұндай хабарламадан сескенуі мүмкін», — делінген материалда.

Хабарламадағы сілтеме банк немесе микроқаржы ұйымының ресми парақшасына ұқсатып жасалған жалған сайтқа апаруы мүмкін. Онда пайдаланушыдан логин мен құпиясөзді, банк картасының деректерін, SMS-кодты немесе басқа да құпия ақпаратты енгізу сұралады.

Бұл мәліметтерді қолға түсіргеннен кейін алаяқтар шабуылдың келесі кезеңіне көшеді. Мысалы, басқа бір алаяқ қоңырау шалып, өзін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Ол сіздің атыңызға несие рәсімдеуге әрекет жасалғанын айтып, ақшаны «қорғауды» ұсынады.

Алаяқтар ақшаны қалай иемденеді?

Кей жағдайда жәбірленушіні өз атына несие рәсімдеуге, кейін қарызға алған ақшаны «қауіпсіз», «резервтік» немесе «қорғалған» шотқа аударуға көндіреді.

«Шын мәнінде мұндай “қауіпсіз шот” жоқ. Адам несиеге алған ақшасын аударған сәтте қаражат алаяқтардың қолына түседі», — деп ескертеді автор.

Мамандар күмәнді хабарламалардағы нұсқауларды орындамауға және бөгде адамдарға растау кодтарын, құпиясөздерді, банк картасының PIN-коды мен CVV-кодын бермеуге кеңес береді.

Егер сіз рәсімдемеген несие туралы хабарлама келсе, сілтемеге өтпей, банктің немесе микроқаржы ұйымының ресми қосымшасына өзіңіз кіріп, ақпаратты тексерген жөн. Қажет болса, ұйымның ресми сайтында көрсетілген телефон нөміріне хабарласу керек.

Сондай-ақ Қазақстан азаматтары eGov немесе eGov Mobile арқылы жаңа несие мен микрокредит рәсімдеуден ерікті түрде бас тарта алады. Алаяқтық тәсілдер өзгеріп отырғанымен, олардың негізгі әдістерінің бірі сол күйінде қалып отыр: адамға ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермей, тез әрекет етуге мәжбүрлеу.

Оқу үшін