NoFake

Туды қайда және қалай ілуге рұқсат — жаңа қаулыда не жазылған

Фото: Depositphotos

Үйге мемлекеттік туды ілудің жаңа тәртібін Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

2026 жылғы 26 маусымда Үкіметтің №556 қаулысы қабылданып, мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты бірқатар талап нақтыланды. Соның ішінде азаматтардың туды тұрғын үйге орналастыру тәртібі де бар.

«Мемлекеттік туды үйге ілемін десеңіз, кез келген азамат флагштокты 45 градустық мөлшерде қойып ілуге болады. Сосын мемлекеттік рәміздерге қатысты ережеде, әсіресе туға қатысты түнгі уақытта оған жарық түсіп тұру керек деген нақты талап болатын. Бұл ереже мемлекеттік мекемелерге қатысты сақталады.  Кез келген мемлекеттік мекеме өзінің маңдайшасына  туды ілген кезде оған жарық түсіп тұруы керек. Арнайы жарық. Көшенің, шамның емес, туға арналған жарық болуы тиіс», — деді басқарма басшысы.

Ал  жеке азаматтар өзінің үйіне ілетін болса, оған түнгі уақытта жарықтың түсіп тұруы керек деген шарт жоқ. Ең бастысы Мемлекеттік ту 3 метрден төмен ілінбеуі тиіс.

«Туды біреулер үйдің қақпасына іліп қоятын жағдайлар болды. Тудың ілінген биіктігі төменнен есептегенде үш метрден төмен болмауы керек деген шарт қойылды.  Сосын тудың кірлеу мәселесі бар. Әсіресе Астана қаласында жел соғады, жаңбыр жауады. Яғни бұл жерде патриоттық мәселе бар, сондай-ақ жауапкершілік мәселесі бар. Желмен жыртылатын болса, оны дереу ауыстыру керек», — деді.

Қандай жағдайда айыппұл салынады?

Бұл туралы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте нақты жазылған. Егер ту кірленгеннен кейін  екі апта ішінде ауыстырылмай, жыртылған күйінде ілініп тұрса мемлекеттік мекеменің бірінші басшысына айыппұл салынады. Бұл ереже жеке азаматтарға да қатысты. Ал балконға ту ілу мәселесіне қатысты спикер оған да рұқсат бар екенін айтып, азаматтарды оған үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Жауын-шашын кезінде оны шешіп, жуып, үтіктеп, қайта іліп қою керек», — деді басқарма басшысы.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, егер ту кірленсе немесе жыртылған күйінде қолданылса, оны ілген жеке тұлғаға немесе мекеменің бірінші басшысына әкімшілік айыппұл салынады. Бұл жауапкершілік нормасы мемлекеттік мекемелермен қатар жеке меншік иелеріне де ортақ екенін айтты Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлы.

«Ең алдымен мемлекеттік ту, содан кейін Елтаңба және Әнұран тұрады. Рәміздер көк фонда орналастырылып, жазулары алтын түстес болуы тиіс», — деді ол.  

Сонымен қатар, басқарма басшысы Астана қаласында жалпы саны 450-ге жуық мемлекеттік рәміздерді пайдаланатын мекеме бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, спикер мемлекеттік рәміздердің белгілі элементтерін киімде, логотиптерде пайдалануға рұқсат бар екенін мәлімдеді. Ал тудың өзінен киім тігіп киюге немесе қоғамдық ұйымдардың логотипінде қолдануға болмайды.

Оқу үшін