Қазақстанда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

Фото: Depositphotos
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардағы қауіпсіздігіне қатысты пікір білдіріп, оларды зиянды контенттен қорғау шараларын күшейту қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымына отбасы мен мектеп сияқты елеулі әсер етіп отыр.
«Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды», — деді Тоқаев.
Осыған байланысты Президент 2018 жылы қабылданған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарап, оған елеулі өзгерістер енгізу қажет деп санайды.
Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеген. Құжат биыл маусымда Парламент қарауына ұсынылған. Тоқаев бұл мәселені Құрылтайдың бірінші сессиясында депутаттарға қарастыруды ұсынатынын айтты.
Президенттің айтуынша, мұндай шектеулер бірқатар елде енгізіліп жатыр. Қазақстан да балалардың психологиялық жағдайына төнетін қауіптің салдарымен күресуден гөрі, оның алдын алуға басымдық беруі керек. Сонымен қатар Үкіметке балаларды зиянды контенттен қорғау үшін оны сүзгіден өткізу шараларын қабылдау ұсынылды.
«Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, бұл шара балаларды зиянды ақпараттан қорғауға және олардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

