Жалған iPhone ұтысы: киберполицейлер алаяқтық схемасын қалай әшкереледі

Фото: Depositphotos
Ақмола облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері iPhone смартфонын ұтып алдыңыз деген желеумен жасалған бірнеше алаяқтық дерегіне күдіктіні анықтады.
Полиция мәліметінше, Жетісу облысының 33 жастағы тұрғыны бұған дейін тауар сату және жеткізумен айналысатын компанияда жұмыс істеген. Жұмыстан шыққаннан кейін ол компанияның клиенттер базасын заңсыз иемденіп, бұрын сол жерден тауар сатып алған азаматтармен байланыса бастаған.
«Жұмыстан шыққаннан кейін ер адам компанияның клиенттер базасын заңсыз иемденіп, кейін оның қызметін бұрын пайдаланған азаматтармен байланыса бастаған», — деп хабарлады Ақмола облысының Полиция департаменті.
Күдікті клиенттерге ұтыс ойынының жеңімпазы атанып, iPhone ұтып алғанын айтқан. Алайда «сыйлықты» алу үшін оның жеткізу ақысын — 55 мың теңге төлеу қажет болған.
«Жәбірленушілер бұған дейін расымен де аталған компанияның қызметін пайдаланғандықтан, қоңырау мен ұтыс туралы ақпарат оларда күдік тудырмаған. Әңгімелесушіге сенген азаматтар көрсетілген реквизиттерге сұралған соманы аударған», — деді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта екі жәбірленуші анықталды. Олар — Ақмола облысы Бурабай ауданының тұрғыны және Алматы облысының тұрғыны. Дегенмен киберполицейлер алданған азаматтардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

