NoFake

Дональд Трамп 65 жастан асқандарды мүлік салығынан босата ма

Фото: whitehouse.gov

Әлеуметтік желіде АҚШ Президенті Дональд Трамп 65 жастан асқан адамдар үшін жылжымайтын мүлік слаығын толық алып тастау туралы мәлімдеме жасады деген ақпарат – жалған, деп хабарлайды NoFake.kz  шетелдік Snopes басылымына сілтеме жасай отырып.

Басылым мәліметінше, таратылған жарияланымдарда президенттің бұл бастамасы ипотекасын толық өтеп біткен 65 және одан жоғары жастағы азаматтарға қатысты болады деп жазылған.

Скрин әлеуметтік желіден

«АҚШ Президенті Дональд Трамп ипотекасын толығымен жауып қойған 65 жастан асқан тұлғалар үшін мүлік салығын жоюды ұсынды» деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Федералдық үкімет штаттар мен жергілікті органдардың деңгейінде алынатын мүлік салықтарын реттемейді және бақыламайды», — делінген.

Басылым мұндай ақпарат 2026 жылдың тамыз айында Instagram және Facebook платформаларында кеңінен тарағанын жазады. Аталмыш қауесеттің түп-төркінін анықтау үшін шетелдік сарапшылар DuckDuckGo, Google және Bing іздеу жүйелерін қолданып көрген.

« Егер президент шынымен де осындай бастама көтерген болса, Associated Press немесе  Reuters сияқты әлемге әйгілі беделді ақпарат агенттіктері бұл жаңалықты міндетті түрде жаппай жариялаған болар еді. Алайда, мұндай деректер тіркелмеген», — делінген мақалада.

Зерттеу авторлары бұл түсініспеушілік интернет қолданушыларының Трамп ұсынған федералдық деңгейдегі кейбір салықтық жеңілдіктерді жергілікті жылжымайтын мүлік салықтарын реформалау жоспарларымен шатастыруынан туындаған сыңайлы дейді.

«2025 жылы «Бір үлкен әдемі заң» (One Big Beautiful Bill) деп аталатын Трамптың маңызды заң жобасы шеңберінде 65 және одан асқан салық төлеушілерге 6000 доллар көлемінде бонус шегерімін беру көзделген болатын. Сонымен қатар, аталмыш заң жобасы белгілі бір мемлекеттік және жергілікті салықтарға арналған федералдық шегерім лимитін 10 000 доллардан 40 000 долларға дейін көтерді»,- делінген мақалада.

Бұдан бөлек, басылым 2026 жылдың 10 ақпанында Калифорния штатының үкіметі 60 жастан асқан кейбір үй иелерін, егер олар өздерінің басты тұрғылықты жерінде кем дегенде бес жыл немесе штат аумағында кемінде он жыл тұрса,  негізгі тұрғын үйінің мүлік салығынан босататын бөлек бастама жарияланғанын жазады. Бұған дейін біз әлеуметтік желілерде Иранның мемлекеттік телеарнасы АҚШ президенті Дональд Трампты өлтіруге ақша жинап жатқаны туралы ақпарат тарағаны жайлы жаздық.

Оқу үшін