«Алты ай әлеуметтік аударымға ақша аласыз»: Threads-тегі манипуляцияның мәні неде

Фото: Depositphotos
Threads пен Instagram-да «соңғы 6 айда әлеуметтік аударымы бар азаматтар үкіметтен қомақты ақша ала алады» деген жарнамаларды жиі кездестіруге болады. Алайда, бұл кез келген адам өзі-ақ тегін рәсімдей алатын кәдімгі «жұмыссыздық бойынша жәрдемақы» болып шықты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жарнама авторлары мұны әдейі «жұмыссыздық бойынша төлем» деп атамай, «мемлекеттен берілетін ақшалай көмек» деп көрсетеді. Сондай жазба авторларының біріне жазып, қандай төлем екенін анықтап көрген едік. Скринде жазылғандай «Жұмыссыздық пособиесін» анықтап беретін болып шықты.

«Көмекшілер» қандай қызмет ұсынады?
Желідегі делдалдар жарнамада көрсетілген нөмірге хабарласқан азаматтарға келесідей шарттар қояды:
Ақылы тексеру: Сізге бұл төлем тиесілі ме, жоқ па — соны база арқылы анықтап беру үшін 1 000 теңге сұрайды. Ақылы сүйемелдеу: Егер төлем тиесілі болса, құжаттарды өткізіп, ақшаны шығарып беру қызметін тағы да ақылы немесе белгілі бір пайызбен жасап беруді ұсынады.
Еңбек министрлігі не дейді?
Бұл жағдайға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ресми түсінік сұраған едік.
«Бұл – жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем. Оны алу үшін адам ресми түрде жұмыс істеп, ол үшін әлеуметтік аударымдар уақытылы төленуі және кейін жұмыссыз қалуы керек. Азамат алдымен өзін жұмыссыз ретінде тіркеп, содан кейін ғана осы төлемді рәсімдеуге өтінім бере алады», – дейді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, министрлік бұл төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан тағайындалатынын мәлімдеді. Яғни азамат өз еркімен жұмыстан шықса да, қысқартуға ұшыраса да төлем алуға құқылы. Алайда ол үшін әлеуметтік аударымдар кемінде 6 ай бойы төленген болуы қажет.
Төлем мөлшері қалай есептеледі: Министрлік түсіндірмесі
«Сол соманың 45%-ы сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициентіне (0,7-ден 1,3-ке дейін) көбейтіледі. ЖАӘТ = ОАК КАДҚҚҰ формуласымен есептеледі. Мұндағы: ЖАӘТ (Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ОАК (Орташа айлық табыс мөлшері), КАД (Табысты алмастыру коэффициенті = 0,45), ҚҚҰ(Қатысу өтілінің коэффициенті)», — дейді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өкілдері.
Нақты мысалмен есептеу:
Азаматтың соңғы 2 жылдағы орташа айлық жалақысы 250 000 теңге болсын және оның жұмыс өтіліне байланысты стаж коэффициенті (ҚҚҰ) 1,1-ге тең деп алайық.
- Формула бойынша негізгі соманы анықтаймыз:
Орташа табыс (250 000) 45% коэффициентке (0,45) және стаж коэффициентіне (1,1) көбейтіледі:
250 000* 0,45 *1,1 = 123 750 - Зейнетақы жарнасын шегереміз:
Заң бойынша бұл шыққан сомадан автоматты түрде 10% зейнетақы жарнасы ұсталады:
123 750 * 10% = 12 375 тг зейнетақы шегерімі - Қолға тиетін таза ақша: Негізгі сомадан зейнетақы жарнасын алып тастағанда қолға 111 375 тг тиеді.
Ақша қанша ай бойы төленеді?
Төлем мерзімі сіздің жалпы жұмыс өтіліңізге, яғни әлеуметтік аударым жасалған айларға байланысты.

Делдалсыз, өз бетінше ТЕГІН қалай рәсімдеуге болады?
Бұл қызмет үшін біреуге ақша төлеудің мүлдем қажеті жоқ. Төлемді үйден шықпай-ақ, келесі онлайн жолдармен рәсімдеуге болады:
Egov.kz порталы арқылы;
Enbek.kz порталы (жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде);
Екінші деңгейлі банктердің (мысалы, Kaspi, Halyk және т.б.) мобильді қосымшалары арқылы;
Проактивті форматта: Жұмыссыз болып тіркелгенде сізге телефон арқылы 1414-тен SMS келеді, соған келісім беріп жауап жазсаңыз жеткілікті. Қаралу мерзімі: Онлайн өтініш берсеңіз – 4 жұмыс күні, ал Мансап орталықтары немесе «Азаматтарға арналған үкімет» (ХҚКО) арқылы барсаңыз, 6 жұмыс күні ішінде қаралады. Мамандар бөгде адамдарға жеке мәліметтерді (ЖСН, SMS-код немесе ЭЦП кілтін) беру және тексеру үшін ақша аудару қауіпті екенін ескертеді.
Түйін
Threads пен Instagram-да «құпия мемлекеттік төлем» ретінде жарнамаланып жүрген қызмет шын мәнінде жұмысынан айырылған азаматтарға арналған әлеуметтік төлемді рәсімдеуге делдалдық жасау ғана. Бұл төлемді кез келген азамат ешқандай ақысыз, мемлекеттік сервистер арқылы өзі рәсімдей алады. Сондықтан әлеуметтік желідегі мұндай жарнамаларға сеніп, жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз және «тексеру» не «рәсімдеу» үшін ақша аудармаңыз.


