Threads-та әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратқан астаналық сотталды

Фото: Polisia.kz
Астанада әлеуметтік желіде әскери қызмет кезінде зорлық-зомбылық көргені туралы жалған ақпарат таратып, жұрттан ақша жинамақ болған 23 жастағы тұрғынға сот үкімі шықты.
Полиция мәліметінше, биыл ақпан айында ер адам Threads әлеуметтік желісінде анонимді жазба жариялаған. Онда әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын және өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Сондай-ақ ақша аударуға арналған банк реквизиттерін көрсеткен.
«Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірінің шағымынан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ сотталған азаматтың ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды», – деп хабарлады полиция.
Тергеу барысында ер адамның ақша жинау үшін мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланғаны анықталған. Екі күн ішінде аталған шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен. Күдікті тергеу кезінде әлеуметтік желідегі жалған оқиғаны ақша табу мақсатында ойдан шығарғанын мойындаған.
«Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін не болған?
Еске салайық, 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунттан әскерде жүрген кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны жайлы жалған жазба жазып, халықтан ақша жинаған азамат туралы жазған едік. Пост авторы өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін желі қолданушыларынан қаржылай көмек сұрап, банк реквизиттерін жариялаған. Алайда желі қолданушыларының бірі күмәнданып, полицияға жүгінгеннен кейін оқиғаның ойдан шығарылғаны анықталды. Тергеу барысында жазба авторының әскери қызметке мүлде қатысы болмағаны және әскерде қызмет етпегені белгілі болды.


