NoFake

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: қырғыз билігі Қазақстанның бірінші орын алғанын растады

Фото: Facebook/Аскат Алагозов

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы медаль дауына қатысты Қырғыз Республикасы президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ол VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп, үлкен спорттық мереке ретінде өз мәресіне жеткенін атап өтті.

«Әсіресе көкбөрі мен жерұлақ бойынша жарыстар тартысты өтті. Бұл сайыстарда қырғыз және қазақ командалары тамаша ойын көрсетіп, спорттық бәсекелестік тек жарыс алаңында қалатынын тағы бір мәрте дәлелдеді», — деді ол.

Сондай-ақ, ол жанкүйерлер арасында да ешқандай түсініспеушілік болмағанан атап өтті. Осы орайда, Асқат Алагөзов екі халықтың спортшылары мен жанкүйерлеріне ерекше алғыс білдірді.

«Командалық есепте медальдарды санау кезінде ғана техникалық сәйкессіздік орын алды. Бүгін Ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді», — деді ол.

Ол қазақ халқының жанкүйерлерін жеңіспен құттықтап, жылы тілегін жеткізді.

«Қырғызстан спортшылары да осы Ойындарда лайықты өнер көрсетіп, өздерінің күш-қайраты мен шеберлігін таныта білді», — деді ол.

Одан бөлек, президеттің баспасөз хатшысы медальдық есеп — спорттың бір ғана құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

«Ал осы ойындардың басты жеңісі — жарыстарды өзара құрмет пен адал бәсекелестік рухында өткізіп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсете алғанымыз», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медаль дауы неге орын алғанын түсіндірген едік.

Оқу үшін