Судьялар, әскерилер мен діни қызметкерлер сайлау кезінде әлжеліде кандидаттарды қолдай ала ма

Коллаж: NoFake.kz
Сайлауалды үгіт кезеңінде әлеуметтік желіде кандидатқа дауыс беруге шақыру, оның жазбасын бөлісу немесе қолдау білдіріп пікір қалдырудың өзі белгілі бір жағдайда үгіт ретінде бағалануы мүмкін. Ал заң бойынша үгіт жүргізуге тыйым салынған тұлғалар үшін мұндай әрекеттер жауапкершілікке әкелуі ықтимал.
NoFake.kz бұл жолы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабында белгіленген сайлауалды үгіт жүргізу тәртібін талқылады. Заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ермек Байахметұлы кімдерге үгіт жүргізуге рұқсат етілетінін және кімдерге шектеу қойылғанын түсіндірді. Сарапшының айтуынша, әлеуметтік желідегі әрекеттің құқықтық бағасы оның мазмұнына байланысты.
«Онлайн-платформаларда материалдың астына “осы кандидатқа дауыс беріңіздер” деп пікір жазу, репост жасау немесе жарияланымды белсенді түрде бөлісу үгіт материалын таратуға қатысу ретінде қарастырылуы мүмкін. Ал заңмен үгіт жүргізуге тікелей тыйым салынған тұлғалар мұндай әрекетке барса, әкімшілік жауапкершілік мәселесі туындайды», – дейді Ермек Байахметұлы.
Ал қарапайым азаматтың жеке парақшасында кандидат туралы өз пікірін білдіруі азаматтық позиция саналады. Алайда кандидатқа дауыс беруге тікелей шақыру, оның бағдарламасын насихаттау немесе арнайы дайындалған үгіт материалдарын жүйелі тарату басқа құқықтық сипат алуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілерге қандай шектеу бар? Журналист кандидаттың сенім білдірген адамы болса, сайлау тақырыбындағы материалдармен жұмыс істей ала ма? Әскерилер, судьялар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен діни бірлестіктер өкілдерінің әлеуметтік желідегі белсенділігіне қандай талап қойылады? Толығырақ NoFake.kz YouTube арнасындағы жаңа шығарылымнан көріңіз.


