NoFake

Студенттерді ескі жатақхана мен хостелдерге орналастыратыны рас па

Фото: pixabay.com

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің ескі жатақханалар мен хостелдерге орналастырылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

ҚР ҒЖБМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан елімізде кей университеттер жанындағы жатақханалардың 60 жылдары салынғанын растады.

«Университет жанындағы жатақханалардың ішінде 1960 жылдары салынғандары да бар. Оны министрлік тарапынан ешқашан жасырған емеспіз. Сондықтан жатақханалар ескі болғанымен, оларға ағымдағы жұмыстар жүргізіледі. Ал, күрделі жұмыс жүргізуге өте үлкен уақыт керек. Ол тіпті 1-2 жылға созылуы мүмкін. Ал, студенттер легі қайтадан келеді», — деп түсіндірді ол.

Бұл ретте, ведомство өкілі, бастысы – жатақханадағы қауіпсіздік мәселесі екенін атап өтті.

«Әрбір өңірдің тексеретін ұйымдары бар ғой, өрт қауіпсіздігін тексереді, не болмаса сейсмо ахуал қандай? Бұл әсіресе, Алматы қаласында өзекті. Осының барлығын қорытындылай отырып, университеттерге министрлік тарапынан арнайы тапсырма берілген. Жыл сайын, әрбір біздің аппараттық отырыста бұл тақырыпты қозғаймыз», — деді ол.

Сонымен бірге ол студенттердің хостелдерге орналастыруына қатысты пікір білдірді.

«Бүгінгі таңда Алматы қаласында студенттер хостелдерде тұрады, бірақ біз оны жатақхана тапшылығы деп есептейміз. 5176 орын тапшылық дегеніміз – ол хостелде тұратын жастарды есептегендегі сан. Себебі, хостелде тұрғызу – бұл уақытша шара», — деді ол.

Бұл ретте маман хостелдермен ЖОО-ры келісімшарт жасайтынын атап өтті.

«Хостелдерге қоятын талабымыз – жолдан келген жолаушы, мынау хостел екен деп студенттермен бірге жатып-тұрмауы қажет. Сондықтан әрбір университет хостел иесіне талап қояды. Санитарлық, өрт қауіпсіздігі, жалпы қауіпсіздік бойынша талаптар қояды. Мұның барлығы хостелдердің иелерімен бірге талқыланып, жауапкершілігі келісімшарт шеңберінде анықталады», — деді ол.

Сонымен бірге Ақерке Абылайхан Алматыда барлығы қанша университет хостелдермен келісімшарт жасасқанын жеткізді.

«Бірақ Алматы қаласындағы барлық хостелдермен бізде келісімшарт жоқ. Себебі Алматы қаласының әкімдігі сайт жасаған. Ол сайтта қандай хостелдерге тұруға болады, олар анықтап өздерінің ұсынымдарын беріп отыр. Бұл жерде біз Алматы қаласының Жастар саясаты бөлімімен бірлесіп жұмыс жасап отырмыз. Алматы қаласында 23 университет бүгінгі таңда жекеменшік хостелдермен жұмыс жасайды», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі «Шетелдік студенттерге жатақхана берерде жеңілдік бар» деген ақпаратты жоққа шығарған еді.

Оқу үшін