ШҚО-да құны 10 млн АҚШ доллары тұратын арал сатылатыны рас па

Фото: Instagram/ilov.ukg
Әлеуметтік желіде ШҚО-да құны 10 млн АҚШ доллары тұратын жер телімі сатылымға шыққаны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz әкімдікке «аталған сомада расымен жер телімі сатылып жатыр ма?» деген сауал жолдап көрді.
Көпшілік әсіресе, мұндай жер телімінің жеке тұлғаға сатылып кеткеніне күмән келтірген.

Әкімдік не дейді?
ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған «арал біреуге тегін беріліп, кейін қайта сатылды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Ведомствоның түсіндіруінше, аталған жер учаскесі 1998 жылы сол кезде қолданыста болған заңнамаға сәйкес шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген. Кейін мемлекеттік органдардың қаулысы негізінде жер телімі заң талаптарына сәйкес сатып алу арқылы жеке меншікке рәсімделген.
«Қазіргі уақытта жер учаскесі заңды тұлғаның жеке меншігінде. Сонымен қатар, ҚР Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, жер учаскесінің меншік иесі заңнама талаптарына қайшы келмейтін жағдайда өз мүлкін өз қалауынша иеленуге, пайдалануға және оған қатысты мәмілелер жасауға құқылы. Ал мемлекет азаматтық-құқықтық мәмілелер аясында жер учаскесінің сатылу бағасын реттемейді немесе белгілемейді», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысындағы Рудный қаласында салынатын паркинг құрылысына кететін ақша, Рудный бюджетінен 13 есе көп деген ақпаратты жоққа шығарған едік.


