Сайлауалды үгіт-насихат барысында адам бейнесін рұқсатсыз пайдалануға бола ма?

Фото: Depositphotos
Елімізде саяси науқан алдындағы үгіт-насихат басталғалы бері танымал азаматтардың фото, видеосын пайдаланған жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл заңды ма? NoFake.kz саясаттанушы Найля Мұхтаровадан сұрады.
Саясаттанушы мұндай әрекеттердің заңсыз екенін айтып, бұл жағдайдың артында үлкен мәселе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде ақпарат тапшылығы емес, керісінше, оның шамадан тыс көптігі мен соған байланысты пайда болатын фейк басты түйткілге айналып отыр.
«Жалпы, менің ойымша, азаматтың келісімінсіз оның бейнесін пайдалану – заңға қарама-қайшы дүние. Және де бүгінгі күні одан басқа фейк ақпарат тарап жатыр. Ол – жалпы жаһандық тенденция, жалғыз Қазақстанда болып жатқан жоқ. Ол дегеніміз – бүгінгі күні азамат үшін ақпараттық дереккөздерінің көптігі. Мәселе ақпараттың аздығында емес, көлемінде емес, азаматтың сол ақпаратқа сенімінде. Бүгін көптеген халықаралық зерттеулер жүргізіліп жатыр осы ақпаратқа сенім аясында. Ол Қазақстан үшін де маңызды мәселе», — деді саясаттанушы.
Сонымен қатар, сарапшы саяси ұйымдардың сайлаушылармен жұмыс істеу мәдениетіне де тоқталды. Найля Мұхтарова саяси партияларды үгіт-насихат науқанында ашықтық пен әділдік принциптерін сақтауға шақырды.
«Менің ойымша, саяси партиялар саяси бағдарламаларын ұсынған кезде және де агитациялық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген кезде адамның сенім психологиясын алға тартып, азаматтардың назарын өздеріне аударуды неғұрлым ашық, таза түрде жүргізуі керек деп ойлаймын. Және де сол сенім психологиясы заңдылықтарын өздерінің бағдарламаларына қосуы керек», — деп түйіндеді маман.
Бұған дейін продюсер Баян Алагөзованың фотосын пайдаланып, оның атынан үгіт-насихатқа қатысты жалған ақпарат тарағанын жаздық.


