NoFake

Сайтты істен шығару небәрі 30 доллар тұрады – зерттеу

Фото: Kaspersky Digital Footprint Intelligence

Интернетте сайттар мен онлайн-қызметтерді істен шығаруға бағытталған DDoS-шабуылдарға тапсырыс беру құны 30 АҚШ долларынан басталады. Ал 2026 жылы мұндай қызмет ұсынатын жаңа топтардың саны кемінде 25%-ға артуы мүмкін, деп хабарлайды NoFake.kz Kaspersky Digital Footprint Intelligence зерттеуіне сілтеме жасап.

Kaspersky Digital Footprint Intelligence сарапшылары даркнет пен дипвебтегі DDoS-шабуылдарға қатысты 250 мыңнан астам жарияланымды зерттеген. Нәтижесінде тапсырыспен кибершабуыл ұйымдастыру қызметін ұсынатын 150-ге жуық белсенді топ анықталған. Зерттеу қорытындысы KazHackStan 2026 конференциясында таныстырылды.

DDoS-шабуыл қанша тұрады?

DDoS – сайтқа немесе онлайн-қызметке бір мезгілде шамадан тыс көп сұраныс жіберіп, оның жұмысын баяулатуға немесе толық тоқтатуға бағытталған кибершабуыл. Зерттеуге сәйкес, мұндай шабуылдарға тапсырыс берудің бірнеше жолы бар. Қаскөйлер бір реттік шабуыл ұйымдастыруы, арнайы қызметке жазылым сатуы немесе өздерінің техникалық инфрақұрылымын пайдалануы мүмкін.

Бір күннен 30 күнге дейін созылатын тапсырыстық шабуылдың бағасы 30-дан 2000 АҚШ долларына дейін жетеді. Құны шабуылдың ұзақтығына, ауқымына және нысанасына байланысты белгіленеді.

Кейбір қызмет ұсынушылар тапсырыс берушілерді тарту үшін қысқа сынақ шабуылдарын да ұйымдастырады. Мұндай қызмет шамамен 10 доллар тұрады, ал жекелеген жағдайларда тегін ұсынылады.

Ал жазылым жүйесінде тапсырыс беруші шабуыл жасау құралдарын белгілі бір мерзім бойы пайдалана алады. Әдетте жазылым 30 күнге беріледі. Оның бағасы айына 1000-нан 30 мың долларға дейін өзгереді.

Кибершабуыл ұйымдастыратын топтар көбейіп келеді

Сарапшылардың мәліметінше, DDoS-шабуыл қызметін ұсынатын топтар нарықта орта есеппен 2,5 жыл жұмыс істейді. Олардың арасында 10 жылға жуық уақыттан бері белсенді топтар да бар.

2023 жылдан бастап бұл нарыққа жаңа қатысушылардың келуі айтарлықтай артқан. Тек 2026 жылдың алғашқы тоқсанында сарапшылар 16 жаңа топты анықтаған.

Зерттеушілер осы үрдіс сақталса, жыл соңына қарай жаңа топтардың саны 2025 жылмен салыстырғанда кемінде 25%-ға өсуі мүмкін екенін болжайды.

«DDoS-шабуыл жасау қазір қаскөйлер үшін әлдеқайда оңай. Себебі мұндай қызмет арзан әрі оны сатып алу қиын емес. Кейде бір шабуылдың бағасы онлайн-кинотеатрға бір жылдық жазылымнан да төмен немесе бір шыны кофенің құнымен шамалас болуы мүмкін», – дейді Kaspersky Digital Footprint Intelligence талдаушысы Ксения Кудашева.

Оның айтуынша, компаниялар DDoS-шабуылдарға дайындықты киберқауіпсіздік стратегиясының негізгі бөлігі ретінде қарастыруы қажет.

Қазақстандағы компанияларға қандай қауіп бар?

«Лаборатория Касперского» компаниясының Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубановтың айтуынша, DDoS-шабуылдар цифрлық қызметтердің тұрақты жұмысына тікелей қауіп төндіреді.

«Компанияның сайты немесе онлайн-қызметі сыртқы шабуылдарға қарамастан қолжетімді болуы керек. Өйткені олардың жұмысы тоқтаса, адамдар қызметті пайдалана алмайды, ал компанияға деген сенім төмендеуі мүмкін», – дейді ол.

Маман мұндай қауіптің алдын алу үшін интернет трафигін бақылау, күмәнді белсенділікті анықтау және қосалқы жүйелерді дайындау маңызды екенін атап өтті.

Сарапшылар компанияларға DDoS-шабуылдардан қорғайтын арнайы жүйелерді енгізуді, цифрлық инфрақұрылымдағы осал тұстарды бақылауды және қызметкерлердің киберқауіпсіздік сауаттылығын арттыруды ұсынады.

Зерттеу нәтижелері DDoS-шабуылдардың тек техникалық қауіп емес, интернетте ақылы қызмет ретінде ұсынылатын заңсыз нарыққа айналғанын көрсетеді. Мұндай қызметтердің қолжетімді болуы бизнес пен мемлекеттік ұйымдардың онлайн-жүйелеріне төнетін тәуекелді күшейтеді.

Оқу үшін