Сайлау алдындағы дебат: кандидаттар не айта алады, неге тыйым салынған

Фото: Depositphotos
Сайлау науқаны кезінде кандидаттардың теледебатқа қатысуы қоғамда жиі талқыланады. Кейбір желі қолданушылары дебат барысында кандидаттар бір-бірін ашық сынай алады десе, енді бірі мұндай пікірталастың қатаң талаптары бар екенін айтады. Дебат қалай өтеді, оған кім қатысады және кандидаттарға не айтуға рұқсат етіледі? Nofake.kz заң талаптарын зерттеп көрді.
Желі қолданушылары не дейді?
Әлеуметтік желіде елімізде партия кандидаттары арасында өтіп жатқан дебаттар жиі талқыланады. Олардың кейбірі оны қалай, қайда өткізу қажеттігін сұраса, енді бірі кандидаттардың не айту қажеттігін жазады.

Сонымен, сайлауалды дебат деген не және онда кандидаттар не айтуы тиіс? Төменде тарқатамыз.
Дебат дегеніміз не?
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 1-тармағына сәйкес, сайлауалды үгіттің бір түрі – көпшілік алдында өткізілетін сайлауалды іс-шаралар. Оларға жиналыстар, кандидаттармен және олардың сенімді өкілдерімен сайлаушылардың кездесулері, жария сайлау алдындағы пікірталастар мен пікірсайыстар (дебаттар), митингілер, шерулер, демонстрациялар және өзге де сайлауалды іс-шаралар жатады.
Яғни, дебат – кандидаттардың немесе саяси партиялардың өз бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беретін және өз ұстанымдарын түсіндіретін жария пікірталасы.
Дебатты кімдер ұйымдастырады?
Республикалық теледебаттарды өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулыларымен айқындалады. Орталық сайлау комиссиясы дебаттың өтетін күні мен уақытын, қатысушылар құрамын, эфир регламентін және модераторды жеке қаулымен бекітеді.
Кандидаттарға не айтуға болады?
Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағына сәйкес, сайлауалды үгіт азаматтарды белгілі бір кандидатқа немесе саяси партияға дауыс беруге ынталандыру мақсатында жүргізіледі.
Сондықтан дебат барысында кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, сайлауалды уәделерін түсіндіре алады, сондай-ақ қарсыластарының бағдарламаларын саяси тұрғыдан бағалай алады. Одан бөлек, кандидаттар сайлаушылардың сұрақтарына жауап беріп,
өз ұстанымдарын дәлелдеп, пікірін еркін білдіре алуы тиіс.
Кандидаттарға қандай әрекеттерге тыйым салынады?
Дебат кезінде де заң талаптары сақталуға тиіс. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 5-тармағына сәйкес, сайлауалды үгіт жүргізу барысында әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға, билікті күшпен басып алуға немесе конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған үгіт жүргізуге жол берілмейді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-тармағына сәйкес:
«Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді».
Осыған байланысты дебат барысында алауыздықты қоздыруға, зорлық-зомбылыққа шақыруға, Конституцияға қайшы үндеулер жасауға, заңмен тыйым салынған үгіт жүргізуге болмайды.
Кандидаттар бір-біріне сынай ала ма?
Конституциялық заң кандидаттардың өзара пікірталас өткізуіне тыйым салмайды.
Алайда айтылатын мәліметтер шындыққа сәйкес болуы, ал сын заң мен этика талаптары аясында айтылуы тиіс. Егер дебат барысында жалған ақпарат таратылып, азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтірілсе, мұндай әрекеттерге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілуі мүмкін.
Дебатқа қатысу міндетті ме?
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда кандидаттардың дебатқа міндетті түрде қатысуы туралы талап көзделмеген. Дебатқа қатысу тәртібі әрбір сайлау науқанына арналған Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен айқындалады. Онда кандидаттың өзі немесе регламентте көзделген жағдайда оның сенімді өкілі қатысуы мүмкін.
Түйін
Сайлау алдындағы дебат – Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес көзделген сайлауалды үгіттің заңды түрлерінің бірі. Оның мақсаты – кандидаттардың бағдарламаларын таныстырып, сайлаушыларға өз ұстанымдарын түсіндіру. Дебат барысында пікірталас жүргізуге, бағдарламаларды салыстыруға және қарсыластардың саяси ұстанымдарын сынауға болады. Алайда Конституциялық заңның 28-бабының 5-тармағы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-тармағында көрсетілген талаптарды бұзуға, алауыздықты қоздыруға, зорлық-зомбылықты насихаттауға немесе Конституцияға қайшы үндеулер жасауға жол берілмейді.


