Қазақстанда электронды дауыс беру жүйесі енгізіле ме: ОСК жауабы

Фото: ortcom.kz
Елімізде сайлау немесе референдум кезінде электронды дауыс беру жүйесі енгізілуі мүмкін бе? Мәжіліс кулуарында ОСК өкілдері жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісовтың айтуынша Қазақстанда электронды дауыс беру мәселесі әлі қарастырылып жатқан жоқ.
«Жоқ, электронды дауыс беру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Біздің әріптестеріміз қазір шетелге бақылау жүргізуге барып, осы мәселені зерттеп жатыр», — деді ол.
Спикердің сөзінше, бүгінде әлемде тек 40 елде ғана электронды плебисцит қолданылады. Олардың кейбірі тіпті сынақтан өткізіліп жатса, енді бірі бұл мәселені кейінге қалдырған.
«Электронды дауыс беру енгізілгеннен кейін, оны тәжірибеде қолданғаннан кейін одан бас тартып жатқан елдер де бар. Мысалы, мұндай жағдай 12 елде тіркелген. Мәселен, Германия, Нидерланд және Норвегия электронды дауыс беру жүйесін енгізіп, кейіннен одан бас тартқан. Олардың бас тарту себебі — киберқауіпсіздік мәселесі», — деп түсіндірді Шавкат Өтемісов.
Бұл ретте, ОСК хатшысы онлайн дауыс беру кезінде сайлау процесіне кибершабуылдар арқылы ықпал ету мүмкіндігі көбейетінін атап өтті.
«Қазірдің өзінде, сайлауаралық кезеңде ОСК сайтына аптасына орта есеппен 7-8 шабуыл жасалады. Ал, сайлау науқаны басталған кезде шабуылдар саны айтарлықтай өседі. Қазір басқа тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Мысалы, Ресейде сайлау қарсаңында 1,5 миллионға дейін DDOS-шабуыл тіркеледі. Мұндай жағдайда жүйені қорғай алатын тиісті құрал қажет», — деді ол.
Сонымен қатар, ол электронды дауыс беру процесі дәстүрлі дауыс беруге қарағанда бюджетке әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісі мен Сенаттың бірлескен отырысы өтіп жатыр. Онда «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр.


