NoFake

Депозиттен түсетін пайызға салық салынатыны туралы қауесетті министрлік жоққа шығарды

Фото: Gov.kz

Әлеуметтік желілерде Қазақстанда банктік депозиттерден түсетін пайызға 5% салық енгізіледі деген ақпарат тарады. Ұлттық экономика министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, қолданыстағы заңнама бойынша жеке тұлғалардың банктегі салымдарынан алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды.

«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға банктердегі салымдары (депозиттері) бойынша төленетін сыйақыларға жеке табыс салығы салынбайды», — делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ министрлік Үкімет депозиттер бойынша сыйақыға салық енгізуді жоспарлап отыр деген ақпаратты да жоққа шығарды.

«ҚР Үкіметі бұл норманың күшін жою және депозиттер бойынша сыйақыларға салық енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ», — деп хабарлады ведомство.

Демек, әлеуметтік желілерде тараған «Қазақстанда депозиттер бойынша пайыздарға 5% салық енгізіледі» деген ақпарат — жалған. Қазіргі таңда жеке тұлғалардың банктік салымдары бойынша алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды және Үкімет бұл тәртіпті өзгерту мәселесін қарастырып жатқан жоқ.

Оқу үшін