NoFake

ҚФФ Байсуфиновтың Қазақстан құрамасынан кететіні жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: olympic.kz

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетуі мүмкін деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

ҚФФ-ның ресми хабарламасында соңғы уақытта бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған қауесеттерге түсініктеме берілді.

Федерация мәліметінше, ұйым Талғат Байсуфиновқа толық қолдау білдіреді және оның кәсіби қызметін жоғары бағалайды.

«Қазақстан футбол федерациясы Талғат Маруаұлы Байсуфиновқа толық қолдау білдіреді. Маманның кәсіби қызметін, Қазақстан ұлттық құрамасын дамытуға қосқан үлесін, сондай-ақ команданы алдағы матчтар мен турнирлерге дайындау бағытындағы жұмысын жоғары бағалайды», – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ ҚФФ БАҚ өкілдерін, блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды. Федерация қоғамды жаңылыстыруы мүмкін расталмаған ақпараттарды таратпауға үндеп, кадрлық шешімдерге қатысты барлық ресми ақпарат тек Қазақстан футбол федерациясының ресми ресурстарында жарияланатынын атап өтті.

Оқу үшін