NoFake

Қазақстан мектептерінде оқушыларға дипфейк пен дропперліктен қорғану үйретіледі

Фото: Gov.kz

Қазақстандағы балабақша, мектеп және колледждерде балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтарының мазмұны жаңартылды. Енді балалар бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау ережелерінен бастап, дипфейк, интернет-алаяқтық және дропперлік сияқты заманауи қауіптерден қорғануды үйренеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Жаңартылған бағдарламаға балалар мен жасөспірімдер күнделікті өмірде және цифрлық ортада тап болуы мүмкін қауіп-қатерлерге арналған 140-тан астам тақырып енгізілген. Жаңа тақырыптарды Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі.

«Бағдарлама жеке және цифрлық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл және денсаулықты сақтау мәселелерін қамтиды», – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Сабақ мазмұны балалардың жас ерекшелігіне қарай бейімделген. Мектепке дейінгі жастағы балалар бейтаныс адамдармен қауіпсіз қарым-қатынас жасау, көмек сұрау және адасып кеткен жағдайда не істеу керектігін үйренеді. Бастауыш сыныптарда жеке шекара, интернеттегі қауіпсіздік, күмәнді сілтемелер, өрт және эвакуация кезіндегі әрекеттер қарастырылады.

«Жасөспірімдер үшін буллинг пен кибербуллинг, интернет-алаяқтық, дербес деректерді қорғау, жалған ақпарат пен дипфейктер, сондай-ақ жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану тақырыптары енгізілген. Бұдан бөлек, қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, ақша талап ету және қудалау жағдайларында қалай әрекет ету керектігі түсіндіріледі»,- деді министрлік.

Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері дропперлік пен «оңай ақша» схемаларының қаупін талқылайды. Сондай-ақ қаржылық және еңбек алаяқтығы, қауіпті онлайн-таныстықтар, груминг пен сталкинг, манипуляция мен арбау және құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу тәуекелдері қарастырылады. Сабақтар аптасына бір рет сынып немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізіледі. Негізгі басымдық теорияға емес, нақты жағдайда қажет болатын практикалық дағдыларға берілген.

«Балалар нақты өмірлік жағдайларды талдап, қауіпті алдын ала тануға, өзін қорғауға және көмек қажет болғанда кімге жүгіну керектігін білуге үйренеді», – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.

Осылайша, қауіпсіздік сабақтарының мазмұны дәстүрлі қауіпсіздік ережелерімен шектелмей, балалар мен жасөспірімдер жиі кездесетін цифрлық қауіптерді де қамтитын болды.

Оқу үшін