NoFake

«Қазақфильм» жаңғыртылады: Аида Балаева киностудияны дамыту жоспарлары жайлы мәлімдеді

Фото: Правительство РК

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильмге» негізгі функциялары қайтарылып, өндірістік базасы жаңғыртылып, аумағын жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Министр Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы өз жұмысын жалғастырып, кезең-кезеңімен жаңғыртылатынын айтты. Бұл туралы ол Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге киностудияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша хабарлады.

Сапар барысында мемлекеттік органдардың өкілдері киностудияның қазіргі жағдайымен, оның өндірістік мүмкіндіктерімен және одан әрі даму жоспарларымен танысты.

«“Қазақфильм” – бұл жай ғана киностудия емес, төл тарихымыз бен ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан, қабылданып жатқан барлық шешімнің негізгі мақсаты — киностудияны сақтау, инфрақұрылымын жаңғырту және отандық киноның дамуына жағдай жасау», — деп атап өтті Аида Балаева.

Министр соңғы жылдары «Қазақфильмнің» қиын жағдайға тап болғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұған дейін киностудияны іс жүзінде қатардағы продюсерлік компаниямен теңестіріп жіберген, бұл оның әрі қарай өмір сүруіне қауіп төндірді.

«Өкінішке қарай, кейінгі кездері ұлттық киностудиямыздан айырылып қала жаздадық. Оны қатардағы продюсерлік компанияның деңгейіне түсіріп, қолдан банкрот етуге әрекет жасалды», — деді министр.

Киностудияны сақтап қалу үшін заңнамалық деңгейде жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап «Қазақфильмді» тікелей мемлекеттік қолдау жүзеге асырылуда. Киностудияның киножобаларын қаржыландыру фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30 пайызы мөлшерінде заңнамалық түрде бекітілді.

Бұдан басқа, «Қазақфильмге» ұлттық фильмдерді тарату және дистрибуциялау, «Қазақ киносының алтын қорын» қалпына келтіру, сондай-ақ «Еуразия» халықаралық кинофестивалін ұйымдастыру функциялары қайтарылды.

Балаеваның айтуынша, қабылданған шаралар өзінің алғашқы нәтижелерін бере бастады. Киностудияда анимациялық өндіріс дамып, өндірістік база жаңғыртылуда және жеке компаниялармен ынтымақтастық кеңейіп жатыр. Жаңғырту аясында реквизит пен жабдықтарды цифрландыру жобасы да жүзеге асырылуда.

Министр соңғы 15 жылда алғаш рет киностудия аумағында тартылған демеушілік қаражат есебінен ішінара косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілгенін бөлек атап өтті. Сонымен қатар, билік «Қазақфильмнің» аумағын кешенді түрде жаңарту мәселесін пысықтап жатыр. Әңгіме ғимараттарға, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жасау және аумақты абаттандыру туралы болып отыр.

«Үш негізгі әкімшілік-өндірістік ғимарат – екі павильонды блок, өндірістік-лабораториялық корпус және үнстудия (тон-студия) бұған дейін күрделі жөндеу көрмеген. Қазір оларды жаңартуға қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Келесі жылы киностудия павильондарын жөндеуге кірісу жоспарлануда», — деді Балаева.

Ірі жобалардың бірі – 5,5 гектар аумақта отандық кинематография тарихына және көрнекті мәдениет қайраткерлеріне арналған заманауи тақырыптық саябақ құру. Жобаның бастамашысы – Алматы қаласының әкімдігі.Бұл ретте, жоба киностудияның негізгі өндірістік қызметін қысқартуды көздемейді, деп атап өтті министр.

«Жоба киностудияның негізгі өндірістік қызметіне әсер етпейді. Керісінше, бұл “Қазақфильмді” анағұрлым ашық етуге, кино көрсетілімдеріне, шығармашылық кездесулер мен мәдени-ағарту шараларына арналған алаң құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Балаева.

Фото: ҚР Үкіметі

Саябақ аумағында келушілерге отандық кино тарихы мен «Қазахфильм» мұрасы туралы баяндайтын тақырыптық павильондар пайда болады деп болжанып отыр. Сондай-ақ бұл кеңістік отбасылық демалыс пен мәдени шараларды өткізуге арналмақ.

Жоба төңірегінде таралып жатқан ақпаратқа тоқтала келе, министр жекелеген жарияланымдардың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

«“Қазақфильмді” ешкім жауып жатқан жоқ, оның өндірістік базасы сақталып, бірізді түрде жаңғыртылады», — деп қадап айтты ол.

Балаева сондай-ақ сындарлы сынды қасақана дезинформациядан ажыратуға шақырды. Оның айтуынша, көрінеу жалған мәліметтерді таратуға, арандатушылыққа, қауіп төндіруге және қоғамдық пікірмен манипуляция жасауға жол берілмейді.

«Егер мұндай әрекеттерден құқық бұзушылық белгілері анықталса, оларға тиісті құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады», — деді министр.

Мәдениет және ақпарат министрлігі басты міндет – «Қазақфильмді» ұлттық киностудия ретінде сақтау, оның өндірістік базасын жаңарту және қазақстандық кинематографияның әрі қарай дамуына жағдай жасау екенін атап көрсетеді. Айта кетейік, бұған дейін біз министр Балаеваның сайлау кезінде журналистер мен блогерлердің құқығына қатысты түсінік бергені жайлы жаздық.

Оқу үшін