NoFake

Қазақ-қырғыз шекарасында 400-ге жуық жүк көлігі жиналды – министрлік себебін атады

Фото: Baq.kz

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстан – Қырғызстан шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жағдайға түсініктеме беріп, Жамбыл облысындағы «Қарасу» өткізу пунктінде Қырғызстанға қарай бағыт алған 400-ге жуық жүк көлігі жиналғанын растады.

Комитет мәліметінше, көліктердің жиналуына екі негізгі себеп әсер еткен. Біріншісі – халықаралық жүк тасымалының маусымдық өсуі. Екіншісі – Қырғызстан аумағында жүк көліктерінің қозғалысына енгізілген температуралық шектеулер.

«Жағдайды тұрақтандыру және өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті шараларды қабылдауда», – деп хабарлады комитет.

Қазір өткізу пунктінің жұмысы күшейтілген. Ішкі істер органдары көлік ағынын реттеп жатыр, ал жүк көліктерінің бір бөлігі жақын орналасқан басқа өткізу пункттеріне қайта бағытталып жатыр.

Қазақстан тарапы Қырғызстанның құзыретті органдарымен де тұрақты байланыста. Тараптар шекарадағы жағдайды бағалап, көлік қозғалысын қалыпқа келтіру шараларын келісіп жатыр.

Тасымалдаушылар мен жүргізушілерге өткізу пункттеріндегі жағдай мен балама бағыттар туралы ақпарат мессенджерлердегі арнайы арна арқылы беріліп жатыр.

Осылайша, «Қарасу» өткізу пунктінде 400-ге жуық жүк көлігінің жиналғаны рас. Мемлекеттік кірістер комитеті мұны шекараның жабылуымен емес, жүк тасымалының маусымдық артуы және Қырғызстандағы температуралық шектеулермен байланыстырады.

Оқу үшін