«Қауіпсіз шоттан» криптовалютаға дейін: кибералаяқтардың схемасы қалай жұмыс істейді

Фото: ІІМ
Интернет-алаяқтық құрбандары ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудардым деп ойлайды. Алайда іс жүзінде қаражат қылмыстық схеманың бірнеше қатысушысы арқылы өткізіліп, кейін оның ізі жоғалуы үшін криптовалютаға айырбасталады. Осындай схеманың бір қатысушысына Солтүстік Қазақстан облысында сот үкімі шықты.
Схема қалай жұмыс істеген?
ІІМ мәліметінше, алаяқтар Петропавл қаласының тұрғынына өзін банк қызметкері ретінде таныстырып хабарласқан. Олар жәбірленушінің есепшотына бөгде адамдар қол жеткізгенін айтып, ақшаны сақтау үшін «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екеніне сендірген.
Соның салдарынан жәбірленуші несие рәсімдеп, 2 млн 860 мың теңгені алаяқтар көрсеткен есепшотқа аударған. Тергеу барысында қылмыстық схеманың қатысушыларының бірі Павлодар қаласында банкомат арқылы бұл қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, кейін оны криптовалютаға айырбастағаны анықталды. Ол атқарған қызметі үшін ақшаның бір бөлігін өзіне қалдырған. Күдікті ізін жасыру үшін банкоматқа медициналық бетперде мен кепка киіп барған. Соған қарамастан полиция оның жеке басын анықтады. Ол – Павлодар облысының 21 жастағы тұрғыны.
Сот қандай шешім шығарды?
Сот оның заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға қасақана қатысқанын анықтап, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол жәбірленушіге келтірілген 2 млн 790 мың теңге материалдық залалды өтеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енді.
Неліктен ақшаны криптовалютаға айырбастайды?
Киберқылмыскерлер ұрланған ақшаны ізін жасыру және оны бақылауды қиындату үшін бірнеше адамның есепшоты арқылы өткізіп, кейін криптовалютаға айырбастайды. Мұндай схемада ақшаны қолма-қол шешіп немесе басқа активке айналдыратын адамдар құқық қорғау органдарының тәжірибесінде көбіне «дроппер» деп аталады.


