Парламент «Құрылтай туралы» Конституциялық заңды қабылдады

Фото: Gov.kz
Парламент «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Естеріңізде босла, құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған болатын. Ол жаңа Конституцияның ережелерін іске асыру мақсатымен әзірленген еді.
«Заң бір палаталы Парламент – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін бекітіп, оның мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызмет принциптерін, құрылымын, құрылу тәртібін және өкілеттіктерін жүзеге асыру формаларын айқындайды», — делінген хабарламада.
Жаңа заң шығарушы орган 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Олардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, соның ішінде депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны құру мәселелері, сондай-ақ депутаттық әдеп қағидалары бекітіледі.
«Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер қатары кеңейтіліп, оған Қазақстан Халық Кеңесі енгізілді, бұл құқық Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырылады», — деді Парламент депутаттары.
Қабылданған Конституциялық заң Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, Үкімет мүшелері лауазымына тағайындау үшін кандидаттарға қатысты консультациялар өткізуді, олардың есептерін тыңдауды және тағы басқаларын белгілейді. Одан бөлек, мемлекеттік бюджет шығыстарын қарастыратын депутаттық бастамалар бойынша Үкіметтің қорытындыларын үш айлық мерзімде ұсыну тәртібі белгіленеді.
«Аталған заң аясында Құрылтайдың Қазақстан Президентіне Вице-Президент, Премьер-Министр, Конституциялық Соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері лауазымына тағайындауға келісім беруі белгіленеді», — деп жазылған Парламент хабарламасында.
Сондай-ақ Президенттің ұсынысымен Құрылтай депутаттарына ҚР Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылды. Бұдан бөлек, заңда Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетігі туралы нормалар бар.


