Пара беруге уәде берді: заңға қандай өзгерістер енгізіледі

Фото: ortcom.kz
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов заңда пара беруге уәде берілген жағдайда, не қарастырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Бүгін, Сенатта Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Атап айтқанда, сенаторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша және оған ілеспе заңдарды қабылдады.
«Жаңа нормалар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, жауапкершілікті күшейтуге және мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған», — дейді сенат депутаттары.
Сенаторлар қабылдаған заңдағы тағы бір өзгеріс — пара алу және беру ғана емес, пара беруге уәде ету, ұсыну немесе талап ету үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
«Санкциялар пара алу және беру үшін қарастырылған жазаға теңестіріледі. Негізгі құрам ауыр қылмыстар санатына жатады, ал жаза мөлшері пара көлеміне байланысты белгіленеді. Яғни, елеулі мөлшерде пара берілсе — 3000 АЕК, ірі мөлшердегі үшін — 5000 АЕК, ал аса ірі мөлшер үшін 50 000 АЕК-тен жоғары жауапкершілік қарастырылған», — деді ол.
Айта кетейік, жаңа заңға сәйкес, мүдделер қақтығысының алдын алудың толыққанды тетігі енгізіліп, туыстар мен оларға байланысы бар тұлғалардың бірлесіп қызмет атқаруына қойылатын шектеулер күшейтіледі.


