Онлайн-жеткізілімге қатысты алаяқтық көбейді: Бас прокуратура ескерту жасады

Фото: depositphotos
Қазақстанда онлайн-жеткізілімге қатысты алаяқтық жағдайлары жиілеп барады. Бұл туралы Бас прокуратура ескертті.
Алаяқтар қандай схеманы қолданады?
Қазақстанда онлайн-сауда көлемі жыл сайын артып келеді. «CEOWORLD» дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында қазақстандықтардың электрондық платформалар арқылы жасаған сатып алуларының үлесі 32%-ға жеткен.
Осыны пайдаланған алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін курьер, жеткізу қызметінің өкілі немесе танымал маркетплейстің қызметкері ретінде таныстырады. Олар сіздің атыңызға тапсырыс рәсімделгенін айтып, жеткізілімді растау немесе одан бас тарту үшін SMS арқылы келген кодты сұрайды.
Сенімге кіру мақсатында алаяқтар азаматтың жеке деректерін де атай алады. Ал егер адам ешқандай тапсырыс бермегенін айтса, оны қоймадағы ақылы сақтау, айыппұл немесе тапсырыстан шұғыл бас тарту қажеттігімен қорқытып, психологиялық қысым көрсетеді.
Бас прокуратураның мәліметінше, SMS-кодты айту арқылы азамат өзінің жеке аккаунттарына қолжетімділікті алаяқтардың қолына береді. Соның салдарынан олар банк шоттарындағы қаражатты жымқыруы немесе жәбірленушінің атына онлайн-несие рәсімдеуі мүмкін.
Нені есте сақтау керек?
Ведомствоның атап өтуінше, маркетплейстердің, жеткізу қызметтерінің және банктердің қызметкерлері телефон арқылы ешқашан SMS-код сұрамайды.
Осыған байланысты азаматтарға:
- SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпау;
- күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, компаниямен тек ресми байланыс арналары арқылы хабарласу;
- алаяқтық белгілері байқалса, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.


