Онлайн-казиноларға ақша аударған: Қазақстанда екі дропперлік қылмыстық топ әшкереленді

Фото: Fingramota.kz
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн-казиноларға қызмет көрсету үшін бірнеше елдің аумағын қамтитын дропперлер желісін құрған қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Агеннтік мәліметінше, тергеу барысында төлемдерді өңдеумен айналысқан делдалдардың Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, «дроп-фермалар» ұйымдастырғаны анықталды.
«Қазақстанға келген шетел азаматтарына ЖСН беріліп, олардың атына SIM-карталар мен банк шоттары ашылған. Кейін банк қосымшаларына кіруге рұқсаты бар ұялы телефондар осы шоттар арқылы ақша айналымын басқаратын адамдарға берілген», — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен бірге, ақша айналымын басқару үшін ойыншылардан төлем қабылдауға, оларды автоматты түрде анықтауға және ұтыстарды төлеуге мүмкіндік беретін P2P платформасы пайдаланылғаны анықталды. Агенттік қылмыстық топ мүшелері өзара есеп айырысу үшін криптовалютаны да қолданғанын мәлімдеді.
«Түркістан облысы мен Алматы қаласында Қазақстан банктерінің 89 картасын пайдаланған. Өзбекстанның үш азаматы ұсталды. Олардан банк шоттарын басқаруға арналған 20 телефон тәркіленді. Аталған карталар арқылы жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 500 млн теңгеге жеткен», — делінген хабарламада.
ҚМА дәл осылай Жамбыл облысында да бірнеше елдің аумағында әрекет еткен тағы бір қылмыстық топтың жолы кесілгенін атап өтті. Анықталғандай, оның мүшелері Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмағандарды тартып, Тараз бен Алматы қалаларында өзге адамдардың банк шоттары арқылы ақша айналымын жүргізетін желі құрған.
«Тінту барысында 180 банк картасы, 15 телефон, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт автокөлік, қару-жарақ, оқ-дәрілер және 26 SIM-карта тәркіленді. Банк карталарына түскен ақшаның жалпы көлемі 9,8 млрд теңгеден асқан. Сот бес күдіктіні қамауға алуға санкция берді», — делінген хабарламада.
Агенттік қазіргі таңда тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.


