NoFake

БЖЗҚ 20 жастағылар үшін неліктен 6,6 млн теңге шек белгіледі

Фото: БЖЗҚ

20 жастағы қазақстандық үшін ең төменгі жеткіліктілік шегінің (ТЖШ) 6 миллион теңгеден асуы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік мұндай соманы еңбек жолын енді бастаған жастардың қалай жинауы мүмкін екенін сұрауда. Осыған байланысты БЖЗҚ түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Инфографика: NoFake.kz

Қордың мәліметінше, ТЖШ адамның қазіргі табысына емес, болашақта алуы тиіс зейнетақы көлеміне қарай есептеледі. Яғни бұл көрсеткіш белгілі бір жастағы азаматтың шотында болуы тиіс ең төменгі соманы білдіреді.

«Ең төменгі жеткіліктілік шегі салымшының қазіргі табысына емес, оның болашақта алуы тиіс нысаналы зейнетақысының көлеміне негізделеді. Ол үшін тиісті жаста зейнетақы шотында болуы керек ең төменгі жинақ сомасы есептеледі», – деп түсіндірді БЖЗҚ.

Қордың айтуынша, 20 жастағы азаматтың зейнетке шығуына әлі шамамен 40 жыл бар. Осы уақыт ішінде жинақ инвестициялық табыс әкеліп, болашақ төлемдердің негізін қалыптастыруы тиіс.

Сондықтан ерте жастағы жинақтар ең ұзақ мерзім бойы инвестицияланып, «күрделі пайыз» әсерінің арқасында көбірек өсім береді. Ал бұл қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану болашақтағы зейнетақы көлемін азайтуы мүмкін.

«Егер қандай да бір себептермен жас азамат зейнетақы жарналарын аударуды тоқтатса да, шотта 6 млн теңгеден астам қаражаттың болуы инвестициялық кіріс есебінен зейнеткерлік жасқа қарай ең төменгі әлеуметтік стандарттарға сәйкес төлемдер алуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді қор.

БЖЗҚ мәліметінше, жастар үшін ТЖШ-ның жоғары болуы олардың болашақта халықаралық стандарттарға сай зейнетақымен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатымен байланысты. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымы зейнетақы мөлшері азаматтың зейнетке дейінгі табысының кемінде 40 пайызын алмастыруы тиіс деп есептейді.

Оқу үшін