Музыкалық мектепке баратын баланың интеллектісі жоғары болатыны рас па

Фото: Depositphotos
Көпшілік арасында «музыкалық мектепке баратын балалардың интеллектісі жоғары болады» деген тақырып жиі талқыланады. Nofake.kz. аталған сауалға жауапты нейропсихологтан сұрап білді.
Нейропсихолог Жанар Айнабекованың айтуынша, аспапта ойнау кезінде екі қолдың түрлі әрекет атқаруы мидың екі жарты шары арасындағы ақпарат алмасуын белсенді етеді.
«Бала кез келген аспапта ойнаған кезде немесе билесе, бір уақытта баланың екі қолы екі түрлі қызмет атқарады. Мысалы, домбыра тартқан кезде нотаны ұстаймыз және шертеміз. Би билегенде де дәл солай. Яғни, бұл кезде мидың екі жарты шарының ақпарат алмасуына көмектесетін мазольді дене болып табылады және ол нейрожаттығу болып саналады», — деді ол.
Сондай-ақ, ол ән айтудың да мидың дамуына қалай әсер ететінін түсіндірді. Ол ән айту сөйлеу, есту, есте сақтау және зейінді тұрақтандыруға жауап беретін аймақтардың жұмысын күшейтетінін жеткізді.
«Ән айтқан кезде мида сөйлеу аймағы, есту, есте сақтау және зейінді тұрақтау аймағы жақсы жұмыс жасайды. Мысалы, сіз бірнеше жыл бұрын естіген әннің әуенін ести қалсаңыз, есіңізге бірден сөзі еске түседі. Бұл кезде мидың есте сақтауы қайта жаңғартылып, іске қосылады. Бұл миға тікелей нейрожаттығу болып саналады», — деді ол.
Дегенмен, маман «музыка мектебінде оқитын балалардың барлығының бірдей интеллектісі жоғары болады» деп кесіп айтуға болмайтынын жеткізді.
«Бұл жерде жалпы мидың жақсы, қарқынды дамуына пайдалы болады, соны ескеру керек», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін шетелдік сарапшы әлемдегі үздік білім беру жүйесі саналатын финляндиялық мектептердегі оқу процесінің қалай ұйымдастырылатынын түсіндірген еді.


