Мүгедектік алу машақаты: Желідегі қауесет пен ресми ақпарат

Фото: gov.kz
Мүгедектікті бетпе-бет және сырттай ресімдеуге болады. Құжаттарды қарау бірнеше күнге созылады. Денсаулық жағдайын бағалау үшін қайта сараптамадан өту қажет, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстанда мүгедектікті ресімдеуге қатысты шағымдар әлеуметтік желілерде жиі пайда болып тұрады. Желі қолданушылары бұл процестің тек уақытты ғана емес, сонымен қатар көп күш-жігерді, жүйкені және шыдамдылықты талап ететінін жазады. Әсіресе, аяқ-қолы ампутацияланған адамның комиссиядан қайта өтіп, мүгедектігін тағы да растауына тура келетін жағдайлар қоғамда өте ауыр қабылданады.

Мүгедектікті ресімдеу процедурасы іс жүзінде қалай өтетінін, қандай жағдайларда ол мерзімсіз белгіленетінін және неліктен кейбір адамдарға қайта куәландырудан өтуге тура келетінін NoFake.kz тілшісіне Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Инклюзия саласындағы цифрлық шешімдер департаменті директорының орынбасары Балжан Баяхатова түсіндіріп берді.
Маманның айтуынша, Қазақстанда мүгедектікті ресімдеу процедурасы әлеуметтік желілерде сипатталғандай күрделі әрі ұзақ емес. Бірқатар басқа елдерде мұндай процедуралар әлдеқайда ұзақ уақытқа созылады.
«ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде мүгедектікті ресімдеу процедурасы бір айдан басталып, бір жылға дейін созылуы мүмкін. Тіпті әлеуметтік көмектің кейбір түрлерін тағайындау да бір жыл ішінде жүзеге асырылады. Ал Қазақстанда мүгедектік белгіленгеннен кейін әлеуметтік төлемдер мен тиісті шаралар, мысалы, әлеуметтік қызметтер қазір толығымен электронды форматта тағайындалады», – дейді Балжан Баяхатова.
Сонымен қатар, маман атап өткендей, адам жарақат алғаннан немесе ауру анықталғаннан кейін бірден медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілмейді. Ең алдымен, ол емдеу мен оңалтудан өтуі тиіс.
«Бәрі адамның медициналық ұйымға жүгінуінен басталады, онда ол тексеруден, емдеуден және оңалтудан өтеді. Егер дәрігер ағза жағдайында адамның тыныс-тіршілігін шектеуге әкелетін қайтымсыз өзгерістерді көрсе, тек сонда құжаттарды, медициналық тексерулердің нәтижелерін немесе адамның өзін медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жібереді. Көп жағдайда мұндай құжаттарды сараптамаға науқас төрт ай бойы уақытша еңбекке жарамсыз болған кезде жібереді. Ауыр және қайтымсыз жағдайлар үшін ерекшеліктер қарастырылған», – деп түсіндірді ол.
Қазір Қазақстанда мүгедектікті анықтау екі форматта — бетпе-бет және сырттай өтеді. Бірінші жағдайда адам медициналық-әлеуметтік сараптамаға өзі келеді, ал процедураның өзі орта есеппен бір сағатқа жуық уақытты алады.
Сырттай форматта дәрігер барлық қажетті құжаттар мен тексеру нәтижелерін ақпараттық жүйе арқылы сарапшыларға жолдайды. Материалдарды қарағаннан кейін мамандар шешім қабылдайды. Әдетте бұған шамамен үш жұмыс күні кетеді.
Балжан Баяхатова мүгедектік мерзімсіз белгіленетін жағдайларды да атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мәртебені ағзаның қайтымсыз жағдайлары бар, мысалы, аяқ-қолы ампутацияланған немесе есту қабілеті мүлдем болмаған адамдар алады. Алайда, мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамға да кейде қайта куәландырудан өтуге тура келеді. Бұл процедура денсаулық жағдайының өзгерістерін уақытылы ескеруге және адамға қандай көмек қажет екенін анықтауға көмектеседі.
«Ағзаның қайтымсыз жағдайларымен қатар, уақыт өте келе денсаулық жағдайын нашарлатуы мүмкін қосымша аурулар болады. Егер денсаулығы нашарласа, адам қайта куәландырудан өтуі керек және оған мүгедектік тобы күшейтілуі (жоғарылатылуы) мүмкін. Бұл адамның жағдайын дұрыс бағалау және тиісті әлеуметтік шаралар мен оңалтуды тағайындау үшін жасалады», – дейді маман.
Әрине, ампутациядан, ауыр жарақаттан немесе күрделі аурудан кейін адам өте осал әрі нәзік күйде болады. Ал тексерулер мен комиссиялардан өту қажеттілігі адамға қосымша психологиялық жүк артуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде адамдардың эмоционалды реакциясын толық түсінуге болады. Дегенмен, адамдарға «тозақтың жеті айналымынан» өтуге және «айдан анық нәрсені» шексіз дәлелдеуге тура келеді деу дұрыс емес. Бірқатар жағдайларда мүгедектік мерзімсіз ресімделеді, ал қайта комиссиялар, ең алдымен, адамның денсаулық жағдайындағы өзгерістерді бақылап отыру үшін өткізіледі.
Ал мүгедектікті ресімдеудің ұзақтығына келетін болсақ, уақыттың басым бөлігі құжаттарды қарауға емес, медициналық процедуралардан өтуге жұмсалады.


