NoFake

«Мұндай сөз айтқан емеспін»: Лепс Қазақстан туралы видеосын жоққа шығарды

Фото: t.me/gvleps_official

Threads желісінде белгілі ресейлік әнші, әрі музыкант Григорий Лепстің мәлімдемесі ретінде таратылып жатқан араңдатушылық сипаттағы видео пайда болды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Роликте ол Қазақстан билігін Ресейге бензин жеткізуден бас тартқаны үшін сөгеді.

Кейінірек Григорий Лепс бұл жарияланымға түсініктеме беріп, видеоның жалған екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, түпнұсқа жазбадағы дауыс жасанды интеллект көмегімен өзгертілген.

«Жасанды интеллект көмегімен дауысты өзгерткен. Бұл шын мәнінде 2022 жылғы видео еді. Мен мұнда концертке шақырып отырмын. Қазақстан, мен ешқашан мұндай сөздерді айтқан емеспін және айтпаймын да. Баршаңызға бейбітшілік пен жақсылық тілеймін», — деп жазды әртіс.

Лепс өз түсініктемесіне фейк ролик соның негізінде жасалды делінген түпнұсқа видеоны да тіркеді.

Әлеуметтік желі қолданушылары жалған видеодағы дауыстың әртістің нақты орындау мәнеріне сәйкес келмейтініне назар аударды.

«Мен ешқашан мұндай мәлімдемелер, жалпы саяси мәлімдемелер жасаған емеспін және жасамаймын да. Мен тек музыкамен айналысамын»,- деп жазды кейінірек Лепс оны қолдаған қолданушылардың біріне берген жауабында.

Оның түсініктемесі жазылған жарияланым шамамен 1,4 мың пікір мен 700-ден астам лүпіл жинады. Пікірлердің едәуір бөлігі ресейлік әншіге қатысты жағымсыз сипатта.

Григорий Лепстің бейнесі арандатушылық контентте бірінші рет қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін Nofake.kz әншінің қатысуымен болған басқа да дипфейктің тарағаны туралы хабарлаған болатын. Сол кезде де Лепс видеоның түпнұсқа емес екенін айтқан еді.

Бұдан басқа, редакциямыз дипфейкті қалай тануға болатыны және осындай контенттің құрбаны болмау жолдары туралы жазған болатын.

Оқу үшін