NoFake

Дипфейкті қалай тануға болады: NoFake.kz нұсқаулығы

Жасанды интеллект дамыған сайын жалған видео, аудио жасау да өте оңай болып қалды. Қазір кез келген саясаткерге айтпаған сөзін айтқызу немесе танымал адамдарға мүлде жоқ тауарды жарнамалатып, дипфейк тарату түкке тұрмайды.

Бірақ, мұқият болсақ, дипфейкті ажыратуға болады. NoFake.kz жалған видеоны бірден тануға көмектесетін қарапайым ережелерді ұсынады.

1. Эмоцияға берілмеңіз

Жалған видеолар сізді шошыту, ашуландыру, қорқыту немесе таңғалдыру үшін жасалады. Егер видеоны көргенде бірден «бөлісейін, таратайын» деген сезім пайда болса, тоқтай тұрыңыз. Алдымен ақпаратты тексеріп алған жөн.

2. Адамның бет-әлпетіне мұқият қараңыз

Мына белгілерге назар аударыңыз:

Ерін қимылы (айтылған сөзге сәйкес келе ме?);

Бет мимикасы;

Көзі  (жыпылықтатуы).

Егер адам сөйлеп тұрса, бірақ ернінің қозғалысы сөзіне сәйкес келмесе немесе бет-әлпеті табиғи емес көрінсе, бұл дипфейк болуы мүмкін.

 3. Дауысына құлақ түріңіз

Компьютер жасаған дауысты мына нәрселер әшкерелейді:

Оғаш кідіріс;

Робот сияқты бірқалыпты сөйлеу (эмоция жоқ);

Дауыс ырғағының (тембрдің) кенет өзгеріп кетуі.

Абайлаңыз: Жақындарыңыздың атынан келетін «Тез арада ақша аударшы» немесе «Құпия деректеріңді айтшы» деген дауыстық хабарламалардан сақ болыңыз.

4. Жарық пен фонды тексеріңіз

Дипфейктерде мынадай қателіктер жиі кездеседі:

Қисынсыз түскен көлеңкелер;

Жарықтың әр жақтан түсуі;

Артқы фонның «бұлдырап» немесе қозғалып тұруы;

Бет контурларының (жиектерінің) анық болмауы.

Егер видеодан жасанды кадр байқасаңыз, ол жалған болуы мүмкін.

5. Ұсақ-түйекке мән беріңіз

Жасанды интеллект әлі күнге дейін мына нәрселерді дұрыс сала алмай қателеседі:

Қол мен саусақтар;

Сырға, жүзік сияқты әшекейлер;

Көзілдірік;

Шаш және басқа да ұсақ заттар.

Осы аталғандар дипфейкті тез әшкерелеуге көмектеседі.

6. Түпнұсқаны іздеңіз

Өзіңізден сұраңыз:

Бұл видеоны ең алғаш кім жариялады?

Ол ресми парақшаларда бар ма?

Беделді ақпарттық сайттар (БАҚ) бұл туралы жазды ма?

Егер видео тек күмәнді аккаунттарда немесе анонимді Telegram-арналарда ғана жүрсе — оған сенудің қажеті жоқ.

 7. Бірнеше жерден тексеріңіз

Танымал адамдардың маңызды мәлімдеме, төтенше жағдайлар мен саяси оқиғалар ресми ақпараттық сайттарға тез шығады. Егер бұл жаңалық тек бір ғана видеода болып, басқа еш жерде айтылмаса — бұл оның жалған екеніне дәлел.

Таратуға асықпаңыз!

Жалған видео жасаушылар оның тез тарағанын қалайды. Видеоны басқаларға жібермес бұрын 2-3 минут уақыт бөліп, тексерсеңіз, сонда жалған ақпараттың таралуына жол бермейсіз.

NoFake.kz ұсынған чек-лист

Вирусты видеоға сенбес бұрын өзіңізге 5 сұрақ қойыңыз:

1. Кім жариялады? (Дереккөз сенімді ме?)

2. Бұл туралы басқа ақпарат құралдары жазды ма?

3. Адамның ерні сөзімен сәйкес келе ме?

4. Дауыс, жарық күмәнді емес пе?

5.Толқытып, аса қобалжып бұл видеоны бірден бөлісейін деп тұрған жоқсыз ба?

Қазір дипфейк өте сапалы жасалады, сондықтан бір ғана белгіге қарап шешім шығару қиын. Ең дұрысы – ақпаратты ресми әрі тәуелсіз дереккөздерден қайта тексеру және көрген нәрсеге сыни көзбен қарау.

Оқу үшін