NoFake

Күннің қатты ыстығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын ашуға бола ма

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде әлі де күннің ыстығы қайтар емес. Осыған байланысты денсаулығы сыр берген азаматтар еңбекке уақытша жарамсыздық парағын аша ала ма? Nofake.kz мамандардан біліп көрді.

Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының айтуынша, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы арнайы көрсеткіштер бойынша ашылады.

«Ол үшін азаматтар өзінің емделетін дәрігерінен осы парақты ашуға қатысты дәрігер қорытындысы керек. Оны әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар ашады, себебі олардың сырқаты күннің ыстығында асқынуы мүмкін», — деп түсіндірді ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының департамент директоры Жанар Төлебаева.

Маман сондай-ақ, аптап ыстықта дәрігер тағайындауынсыз ешқандай дәрілік препаратты іше беруге болмайтынын атап өтті.

«Әр препарат міндетті түрде дәрігер тағайындауымен ішілуі керек. Екіншіден, созылмалы ауруы бар адамдар тағайындалған препараттың мөлшерінің өзін дәрігермен кеңесіп барып, қолдануы тиіс. Ал аптап ыстықтан денсаулық сыр бере бастаса, шұғыл түрде дәрігер көмегіне жүгінген жөн. Себебі, созылмалы ауруы бар адамдар үшін, мұндай ыстық өте қауіпті», — деді маман.

Естеріңізде болса, бұған дейін ДСМ мамандары күннің аптап ыстығында салқындатылған кофе мен энергетикалық сусын ішудің зияны туралы түсіндірген еді.

Оқу үшін