Күн ыстықта кофе мен энергетикалық сусындарды ішкен зиян ба

Фото: pixabay.com
Жаз мезгілінде көпшілік аптап ыстықта салқын кофе мен мұздай энергетикалық сусын ішуде әдетке айналдырады. Оның денсаулыққа әсері қандай? Nofake.kz мамандардан біліп көрді.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры Жанар Төлебаеваның айтуынша, ыстық күндері салқындатылған энергетикалық сусындар мен кофені көп мөлшерде ішудің ағзаға кері әсері көп.
«Кофенің несеп айдайтын әсері бар. Ал, ыстық күндері адам онсыз да ағзадан көп мөлшерде сұйықтықтан айырылады. Сондықтан әр нәрсенің өз нормасы бар. Оны шамадан тыс көп көлемде ішкен зиян. Сондықтан құрамына кофесі бар сусындарды, энергетикалық, құрамында қанты көп сусындарды, ішімдікті ыстықта ішпеген жөн.», — деді ол.
Сондай-ақ ол ыстық күндері азаматтарға күніне 2 л көлемде, салқын су ішуге кеңес берді.
«Созылмалы аурулары бар адамдарға міндетті түрде дәрігер кеңесінен кейін ғана аптап ыстықта қанша көлемде су ішу керек екенін білу керек. Ал, спортпен айналысатын жандарға электролиттердің көптеп бөлінуіне байланысты минералды су ішуге кеңес беріледі. Одан бөлек қатты ыстықта тәтті емес шай ішіп, жеңіл тамақ жеген жөн болады», — деді маман.
Айта кетейік, бұған дейін ДСМ мамандары адамға күн өтуінің негізгі белгілерін атаған еді.


