Криптовалюта түрінде микрокредит ұсынған Alemcredit.com алаяқтық схемасы әшкереленді

Фото: Depositphotos
Alemcredit.com интернет-ресурсы азаматтарға криптовалюта түрінде тиімді шарттармен микрокредит беруге уәде еткен. Алайда қарыз рәсімделгеннен кейін клиенттерге көрсетілген сомадан аз қаражат аударылып, алдын ала айтылмаған комиссиялар ұсталған. Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүріп жатыр.
Алаяқтық схема қалай жұмыс істеген?
Тергеу деректеріне сәйкес, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартылған. Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.
Алайда рәсім аяқталған соң мәміленің нақты шарттары жарнамада көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған.
«Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған», – делінген агенттік хабарламасында.
Сондай-ақ клиенттерге қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат алдын ала толық берілмеген.
Ақша қалай қайтарылған?
Қарызды өтеу кезінде үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары пайдаланылған.
Интернет-ресурстың жұмысын жүргізу және қарыз алушылармен байланысу үшін заңды тұлғалар, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым құрылған.
Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға арналған SIM-бокстар мен көп мөлшердегі SIM-карта тәркіленді. Alemcredit.com ұсынған криптовалюталық микрокредиттің жарнамадағы шарттары шындыққа сәйкес келмеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен ықтимал алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.


