Қазақстанда концерт билеттері арқылы алдау қалай жүреді

Фото: freepik.com
Қазақстанда концерт билеттерін сатып алу кезінде алаяқтық фактілері әлі де тіркеліп жатыр. Ірі іс-шаралар алдында жалған хабарландырулар мен делдалдар белсенді болатынын Ішкі істер министрлігі ескертті, деп хабарлайды Nofake.kz.
Естеріңізде болса, былтыр елімізде атақты Голливуд жұлдызы Дженифер Лопестің концерті өткен болатын. Отандық БАҚ беттеріндегі мәліметтерге сәйкес, Лопестің концертіне бастапқы баға 180 мың теңге болып бекітілгенімен, делдардар оны 500 мың теңгеге сатқан.
Биыл да концерт маусымы қыза түспек. БАҚ-та тараған мәліметтерге сәйкес, Қазақстанға Энрике Иглесиас келуі мүмкін. Сонымен қатар, Шакира мен Эминем концерті өтетіні туралы ақпараттар да тарады. Ал ресейлік әнші Акмаль концерті кейінге шегеріліп, билет алған азаматтарға қаражат кері қайтарылған.
Осыған орай, ІІМ азаматтарға концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билеттерді сатып алу кезінде мұқият болуға кеңес береді. Ведомство интернетте билеттерді сату немесе алып-сату бойынша күмәнді ұсыныстар схемасын атады.
«Интернет желісінде концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билеттерді сатып алу немесе алып-сату бойынша жалған хабарландырулар, сондай-ақ делдалдардан ұсыныстар кездесіп жатады. Алаяқтар билеттерді сатып алуда көмек ұсынады немесе оларды қымбат бағаға сатады», — делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік сондай-ақ алаяқтар жалған билеттер таратуы мүмкін екенін де ескертеді.
«Оларға сенген адамдар ақша аударып, соңында билетсіз қалуы ықтимал. Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырады және кез келген іс-шараға билеттерді тек ресми әрі тексерілген жерлерден сатып алуды ұсынады. Бейтаныс адамдарға ақша аудармаған абзал», — деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі жалған инвестиция схемасының негізгі белгілерін атаған еді.


