NoFake

Коллекторлар борышкердің туыстары мен көршілеріне хабарласа ала ма

Фото: Depositphotos

Коллекторлардың әрекетіне шектеу қоятын мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды. Соның бірі – борышкердің келісімінсіз оның туыстары мен көршілеріне хабарласуға болмайды. NoFake.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен коллекторларға нақты қандай әрекеттерге тыйым салынғанын және заңсыз қоңыраулар болған жағдайда азаматтар өз құқығын қалай қорғай алатынын сұрады.

Көршілер мен туыстарға хабарласуға бола ма?

Агенттіктің түсіндіруінше, борышкердің үшінші тұлғалармен қарым-қатынасына қатысты талаптар қатаң реттелген. Заңнамаға сәйкес, коллекторлар борышкердің келісімінсіз үшінші тұлғаларға, яғни оның туыстарына немесе көршілеріне хабарласуына қатаң тыйым салынған.

«Коллекторлық агенттіктің заңға қайшы әрекеттеріне азаматтардың шағымдары, сондай-ақ қадағалау қызметінің нәтижелері және өзге де расталған мәліметтер, оның ішінде құқық қорғау органдарынан түскен мәліметтер тексеру жүргізуге негіз болып табылады», -дейді мамандар.

Егер коллекторлардың үшінші тұлғаларды мазалағаны анықталса, агенттік заңнамада көзделген шараларды қолдана алады.

Заңсыз қоңырауларды қалай дәлелдеуге болады?

Коллектор заң талаптарын бұзған жағдайда азаматтарға оның әрекетін растайтын материалдарды сақтап қойған жөн. Агенттік аудио және видео жазбаларды, хабарламалардың скриншоттарын, телефон қоңырауларының детализациясын және өзге де дәлелдерді қабылдайды.

«Азаматтарға телефон арқылы сөйлесу жазбаларын, хабарламалардың скриншоттарын, телефон қосылымдарының детализациясын, сондай-ақ коллектормен өзара әрекеттесу фактісін және оның заңға қайшы әрекеттерін растайтын өзге де құжаттар мен материалдарды сақтау ұсынылады. Мұндай дәлелдер болған жағдайда Агенттік баяндалған мән-жайларға тексеру жүргізеді және бұзушылықтар расталған жағдайда коллекторлық агенттікке қатысты тиісті ықпал ету шараларын қолданады», – деді ведомство өкілдері.

Коллекторларға қандай жаза қолданылады?

Заң талаптарын бұзған ұйымдар мен қызметкерлер үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған.

«Коллекторлық агенттік және (оның) қызметкерлері борышкерге және (немесе) оның өкіліне, және (немесе) үшінші тұлғаларға қатысты жосықсыз әрекеттердің бірін жасағаны үшін шектеулі ықпал ету шаралары, сондай-ақ коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару түріндегі санкциялар көзделген», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, агенттік 2025 жылғы 13 наурыздан бастап берешекті өндіріп алу кезінде борышкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында  әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 2 есеге ұлғайтылғанын атап өтті.

 «2025 жылғы 13 наурызда борышкерлермен және олардың өкілдерімен өзара әрекеттесу кезінде жосықсыз әрекеттер жасағаны үшін коллекторлық агенттік қызметкерлеріне дербес әкімшілік жауапкершілік (ӘҚБтК-нің 211-1-бабының 1-1-бөлігі) енгізілді», — деп хабарлады мамандар.

Ал 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы берешекті өндіріп алу кезінде өкілеттігін теріс пайдаланған немесе асыра пайдаланған коллекторлық агенттік қызметкерлеріне қылмыстық жауапкершілік енгізетін заңға қол қойған.

Агенттік мәліметінше, жыл басынан бері коллекторларға қатысты жалпы сомасы 90,3 млн теңгеге әкімшілік жаза қолдану туралы 152 хаттама толтырылған. Сонымен қатар төрт коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылған.

Оқу үшін