Биыл Қазақстан алаяқтықпен күреске 523 миллион теңге жұмсайды

Фото: Depositphotos
NoFake.kz ІІМ-нің киберқылмыспен күрес бөлімдеріне жаңа техника сатып алу үшін нақты қанша ақша бөлінгенін анықтады.
Сауда және интеграция министрлігі редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға 523 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.
«2026 жылға арналған бекітілген бюджет аясында ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етумен жабдықтауға 523 млн теңге көзделген», — деп хабарлады СИМ редакциямызға берілнен жауапта.
Бюджеттен бөлінген 523 млн теңгенің нақты қандай жабдықтарға жұмсалатыны да белгілі болды.
«Мамандандырылған дербес компьютерлер, ноутбуктер, мәліметтерді жинау және талдау бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға жұмсалады», — дейді министрлік өкілдері.
Елімізде бұған дейін бұл бағытқа қазынадан мүлде қаржы қарастырылмаған.
«Бұған дейін қаражат бөлінбеген», — делінген жауапта
ҚР ІІМ әріптестерімен бірлесіп ел ішінде және халықаралық деңгейде кибералаяқтарға қарсы бірқатар ірі операцияны жүзеге асырды.
ҚР ІІМ мәлімдемесіне сәйкес, маусымның басында Украинаның Одесса қаласында Қазақстан азаматтарына қатысты заңсыз әрекеттер жасаған ұйымдасқан алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылған. Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет-алаяқтық әрекеттерін жүйелі түрде жүзеге асырып келген. Салдарынан 120-дан астам адам алданған, ал келтірілген жалпы материалдық шығын 85 миллион теңгеден асқан.
Биыл сәуірде жедел іс-шара барысында Днепр қаласында бір мезетте ондаған мекенжай бойынша тінту жүргізіліп, 53 адам ұсталып, 100 мың АҚШ доллары, ондаған компьютерлік техника, 125 смартфон және алты элиталық автокөлік тәркіленген.
Сондай-ақ, Атырауда облыс прокуратурасының үйлестіруімен киберқылмысқа қарсы іс-қимылға бағытталған мамандандырылған «Anti-Fraud Call Center» орталығы ашылды.
NoFake.kz Ішкі істер министрлігіне 523 миллионның қайда және қалай жұмсалатыны жіті түсіндіруді сұрап, сауал жолдады. Жауабын қосымша жариялаймыз.


