«Режиссері – алаяқ»: Адам алдауға арналған психологиялық сценарий

Иллюстрация: NoFake.kz
Киберполиция бірнеше алаяқ қатысатын схеманың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz
Алғашқы қоңырау, содан кейін екінші, үшінші – осылайша адам әр қатысушының өз рөлі бар сценарийдің құрығына ілінеді. Алдымен алаяқтар сенімге кіріп, SMS-кодты қолға түсіреді, банк шотына қатысты күмәнді операциялар туралы хабарлап, қорқытады. Әңгімеге «мемлекеттік қызметкерлер» араласып, қысымды күшейтеді және құрбанды ақшасын шұғыл «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді.
Астана қаласы Полиция департаменті Есіл ауданының Полиция басқармасы мұндай схемаларды жүзеге асыру үшін қаскөйлердің көбіне WhatsApp желісін пайдаланатынын хабарлады. Олар бейтаныс нөмірлерден қоңырау шалып, өздерін полиция, Ұлттық банк, eGov, ХҚКО немесе медициналық ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырады.
Полицияның мәліметінше, алдау сценарийі SMS-кодтан басталады. Бұл үшін алаяқтар өздерін курьерлік қызмет, байланыс операторы немесе түрлі сервистік қызметтердің өкілі ретінде көрсетуі мүмкін. Қажетті ақпаратты алғаннан кейін олар екінші кезеңге өтеді: банк шоттарына қауіп төніп тұрғанын айтып, әңгімені схеманың басқа қатысушыларына бағыттайды.
«Бұл схемаға бірнеше адам қатысады. Алдымен бірінші алаяқ қоңырау шалып, тауар жеткізу, тарифті немесе абоненттік нөмірді ауыстыру сылтауымен SMS-кодты сұрайды. Кодты алғаннан кейін әңгімеге келесі қатысушы қосылады. Ол өзін ХҚКО немесе eGov қызметкері ретінде таныстырып, берілген кодтар салдарынан шоттардың қауіпсіздігіне қатер төнгенін хабарлайды. Сосын әңгімені «Ұлттық банк» немесе құқық қорғау органдарының «қызметкерлеріне» бұрады. Кейін үшінші қатысушы іске кірісіп, WhatsApp арқылы телефон немесе бейнеқоңырау шалып, жәбірленушіні алаяқтардың құрбаны болғанына сендіреді. Осыдан кейін қаскөйлер шұғыл түрде несие рәсімдеуді, депозиттегі қаражатты шешіп, оны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етеді», — деді Астана қаласы ПД Есіл ауданы ПБ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бағдәулет Оспанбаев.
Полиция қаскөйлердің басты міндеті – адамға ойлануға уақыт бермеу екенін атап өтті. Сөйлесушілердің үнемі ауысып отыруы, мемлекеттік органдардың беделіне сүйену және дереу әрекет етуді талап ету үрейлі атмосфера тудырады. Оның салдарынан құрбан болған адам жағдайды сыни тұрғыдан бағалау қабілетінен айырылады.
Бұған дейін NoFake.kz сайты Астана полицейлерінің профилактикалық мақсатта Джеки Чанның бейнесін пайдаланып, азаматтарды танымал тұлғалар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің атынан жасалатын бейнеқоңырауларға сенбеуге шақырғанын хабарлаған болатын.


