NoFake

Джеки Чан боп код сұрайды: Астана полицейлері дипфейктің қаупін көрсетті

Коллаж: NoFake.kz

Астана полицейлері қазақстандықтарды танымал адамдар мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің атынан жасалатын видеоқоңырауларға сенбеуге шақырды.

Бұл жолы олар ескерту үшін әйгілі актер Джеки Чанның бейнесін пайдаланған. Джеки Чан елордалық полицияның алаяқтықтың заманауи тәсілдеріне арналған профилактикалық ролигінің кейіпкеріне айналды.

Құқық қорғаушылар жасанды интеллект пен дипфейк технологияларының көмегімен қаскөйлер азаматтардың сеніміне кіріп, ақшасын қалай жымқыратынын көрсетті.

Ролик сюжеті бойынша жас жігіт полиция қызметіне «орналасып», кейін танымал актердің бейнесін пайдаланып азаматтарға қоңырау шала бастайды. Әңгіме барысында ол өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, ақшаны қорғау үшін қажет деген сылтаумен растау кодтарын сұрайды.

Полицейлердің айтуынша, роликтің негізгі мақсаты – бүгінде қылмыскерлер адамның дауысын ғана емес, сыртқы келбетін де қолдан жасап көрсете алатынын еске салу.

«Қазір жасанды интеллект дәуірі. Осыған байланысты алаяқтық фактілері көбейді. Соңғы уақытта қаскөйлер танымал адамдар мен полиция қызметкерлерінің атынан видеоқоңырау шалып жүр. Тіпті Джеки Чан болып та хабарласады. Бұл ролик арқылы азаматтарға кім хабарласса да – полиция қызметкері, ҰҚК өкілі немесе медицина қызметкері болып таныстырса да – видеоқоңырауларға сене бермеу керектігін жеткізгіміз келеді», – деді Астана қаласы Полиция департаменті Есіл аудандық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы Бағдәулет Оспанбаев.

Бұған дейін, дәл осыған ұқсас жалған инвестициялық жарнама роликтері прокурор Айжан Аймағанова, Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев, Дәулет Мұқаев секілді елге белгілі тұлғалардың бет-бейнесімен шыққан болатын. Барлығы да “Kazatomprom”АҚ компаниясына инвестиция салуға шақырады.

Еске сала кетейік, 29 қазанда Парламент Қазақстанда жасанды интеллектті пайдалану тәртібін реттейтін заңды қабылдады. Сондай-ақ, елде дипфейк үшін жауапкершілік енгізіледі.

Оқу үшін