NoFake

Алаяқтар жалған сақтандыру полистерін рәсімдеген

Фото: Freepik.com

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда өздерін сақтандыру ұйымдары ретінде таныстырып, қызмет ұсынатын күмәнді ресурстардың анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мұндай парақшалар кей жағдайда лицензияланған сақтандыру компанияларының атауларын пайдаланып, сақтандыру полистерін, оның ішінде көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды (КҚИ АҚЖМ) онлайн рәсімдеуді ұсынады. Сонымен қатар, белгіленген тарифтерден жоғары бағамен сату фактілері де тіркелуде.

Алайда бұл қызметтерді ұсынып отырған тұлғалардың тиісті лицензиясы жоқ және олар сақтандыру агенттері ретінде тіркелмеген. Қазақстан Республикасының «Сақтандыру қызметі туралы» Заңына сәйкес міндетті сақтандыру шарттары бойынша делдалдық қызметке жол берілмейді. Сақтандыру полистері тек лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары арқылы ғана рәсімделуі тиіс.

Тексерілмеген интернет-ресурстар арқылы рәсімделген полис жарамсыз болуы мүмкін және сақтандыру қорғауын қамтамасыз етпейді.

Агенттік азаматтарға сақтандыру қызметтерін пайдалану кезінде сақ болуды ескертеді: сақтандыру компаниясының лицензиясын алдын ала тексеру, полистерді тек ресми интернет-ресурстар арқылы рәсімдеу, үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аударудан бас тарту, сондай-ақ жеке құжаттардың көшірмелерін бөгде адамдарға ұсынбау қажет.

Күмәнді интернет-ресурстар анықталған жағдайда бұл туралы Агенттікке немесе құқық қорғау органдарына хабарлау ұсынылады.

Оқу үшін