Family Park орнына тұрғын үй кешені салынбайды — Алматы әкімдігі

Фото: Gov.kz
Алматы әкімдігі БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған Family Park аумағына тұрғын үй кешені немесе басқа да нысандар салынады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әкімдік мәліметінше, Алматы қаласының қолданыстағы Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік, яғни саябақ аймағы ретінде белгіленген. Оның нысаналы және функционалдық мақсатын өзгерту қарастырылмаған.
«Family Park алматылықтар мен қала қонақтарының демалыс орны ретінде өз мәртебесін сақтайды. Қазіргі таңда тек саябақты кешенді түрде жаңғырту, абаттандыру және модернизациялау мақсатында оны тікелей мемлекеттік басқаруға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр», – делінген хабарламада.
Әкімдік саябақтың қазіргі жағдайына да тоқталды. Ресми мәліметке сәйкес, жалға алушы ұзақ жылдар бойы нысанды пайдаланғанымен, оны дамыту және күтіп ұстау жөніндегі міндеттемелерін толық орындамаған. Соның салдарынан саябақтың инфрақұрылымы тозып, оның жағдайы нашарлаған.
Осыған байланысты саябақтың инженерлік және рекреациялық инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта құру жоспарланып отыр. Әкімдіктің мәлімдеуінше, бастаманың негізгі мақсаты – Family Park-ты қоғамдық демалыс орны ретінде сақтап қана қоймай, оны заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді қалалық саябаққа айналдыру.


